Павлодар облысында теміржол маңында мал баққан мыңнан аса адам жазаланды

Теміржолда мал, бөгде заттар мен адамдардың өтуі пойыз қозғалысына үлкен қауіп төндіреді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар станциясындағы Желілік полиция бөлімінің мәліметінше, жыл басынан бері 559-баптың 1-5-бөлімдерін бұзғаны үшін 1290 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Осы уақыт ішінде Павлодар облысында пойыздар 17 рет шұғыл тоқтауға мәжбүр болып, 15 мал басылған. Тағы 2 жағдайда мал жолдан аман-есен өтіп үлгерген.
– ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 559-бабына сәйкес, малды рельстерден 300 метр алыс жерде байлап, ал 2000 метр қашықтықта тұрақты бақылаумен жаюға рұқсат етіледі. Бұл талаптар орындалмаған жағдайда мал иелері 5 АЕК (19 660 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Бір жыл ішінде ережені қайталап бұзу – 10 АЕК-ке (39 320 теңгеге) дейінгі айыппұл салуға әкеледі, – деп ескертті ведомствода.
Желілік полиция өкілдері тұрғындарды теміржол маңында малды қадағалаусыз жаймауға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.