Павлодар облысында тоғыз елді мекенде электр қуаты қалпына келтірілуде
Авариялық ақауларды жоюмен 47 авариялық бригада айналысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жұмыстарға 137 адам және 46 техника жұмылдырылды.
Сағат 16.00-дегі жағдай бойынша электр қуатын қалпына келтіру жұмыстары тоғыз елді мекенде жүргізілуде: Ақсу ауылдық аймағындағы Қалқаман және Спутник ауылдарында, Баянауыл ауданының Ақши, Қойтас, Сұлужон ауылдарында, Тереңкөл ауданындағы Қаратал ауылында, Ертіс ауданының Жамбұлақ ауылында және Шарбақты ауданына қарасты Орловка, Сынтас ауылдарында.
Еске сала кетейік, 9 ақпанға қараған түні ауа райының қолайсыздығына байланысты өңірдегі 38 ауылдық елді мекенде (~4276 абонент) электр энергиясының ішінара өшуі тіркелді. Сонымен қатар, дауылдың салдарынан Павлодар қаласының ауылдық аймағында Жетекші ауылындағы ЖОМ-нің шатыры ішінара зақымдалды. Шатырдың зақымданған ауданы 30 шаршы метрді құрайды.