Павлодарда облыстық Start-Up байқауының жеңімпаздары анықталды
Жүлдегерлер түрлі сыйлықтар мен қолдауға ие болып, болашақта өз ісін дамытуға шабыт алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығының мәліметінше, «YoProject» Start-Up конкурсының жеңімпаздары жарияланып, қатысушыларға марапаттар табысталды. Байқауға қатысушылар өздерінің бірегей бизнес идеяларын және инновациялық шешімдерін ұсынды.
Байқау нәтижелері бойынша бірінші орынды және түрлі-түсті принтерді Асылжан Мейрам (@meiram_cakes) «Анна Павлова функционалды десертін әзірлеудің инновациялық технологиясы» жобасымен иеленді.
15 жасар Асылжанның кондитерлікке деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Ол алғаш 8 жасында пісіру ісімен айналысса, қазіргі уақытта осы салада үш жылдан астам уақыт кәсіби дамып келеді. Оның жеке Instagram парақшасы мен фирмалық логотипі де бар.
– Биыл ол «Кондитер Дети» атты танымал жобаның финалисі атанып, әйгілі ресейлік кондитер Ренат Агзамовтың (@renat_agzamov) жетекшілігімен біліктілігін арттырған. Осы тәжірибе оны жаңа кулинарлық тәжірибелерге шабыттандырды, және ол «YoProject» байқауында өз десерті – Анна Павлова тәтті нанын ерекше саумал қосылған креммен ұсынды. Бұл ерекше ингредиент десертке пайдалы қасиеттер беріп, қазылар алқасының назарын аударды, – дейді ұйымдастырушылар.
Екінші орынды және түрлі-түсті принтерді Станислав Кириченко (@staskirichenko5) «InvLove» жобасымен жеңіп алды.
Станислав Ақсу қаласында дүниеге келген. Қазір ол 19 жаста және Торайғыров университетінің компьютерлік ғылымдар факультетінде білім алуда. Бірінші топтағы мүгедектігіне қарамастан, ол белсенді өмір салтын ұстанып, веб-сайттар мен Android қосымшаларын жасаумен айналысады. Сонымен қатар, садақ атудан спорт шебері атағы бар, тоғызқұмалақ ойынымен де айналысады.
– «InvLove» жобасын жасау идеясы оның досы Аспандияр Сапаровтың ұсынысымен пайда болды. Аспандияр оған мүгедек жандарға арналған қосымша құруды ұсынды. Станислав бұл идеяның қаншалықты маңызды екенін түсініп, оны жүзеге асыруға кірісті. «InvLove» қосымшасы мүмкіндігі шектеулі жандарға достар мен серіктестер табуға көмектесіп, олардың қоғаммен байланыс орнатуына жағдай жасайды, – деді ЖБДО баспасөз орталығында.
Сондай-ақ, Станиславты инво-такси қызметін пайдалану тәжірибесі шабыттандырды. Ол инво-таксиға жылдам тапсырыс беру мүмкіндігін қарастыратын «BusApp» жобасын жасап, адамдардың күнделікті өмірін жеңілдетуге тырысты. Кейін Станислав университеттік Enactus тобына қосылып, «InvLove» және «BusApp» жобаларын бір жүйеге — «Invlove Ecosystem-ге» біріктірді. Бұл экожүйе мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін барынша қолайлы және қоғаммен тығыз байланысты етуге бағытталған.
Үшінші орынды және қара-ақ принтерді Эмир Бахиев (@pvl.portrait) «Заманауи киіз бұйымдарын жасау» жобасымен иеленді.
Эмир – Мичурино ауылының тумасы, Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университеттің үшінші курс студенті. Өз ісін бастауға оны ұлттық қолөнер – киіз басуға деген шынайы қызығушылығы шабыттандырды. Бұл дәстүрлі өнер оған жаңа әлемнің есігін ашқандай болды.
– Киіз басып көрген сәтте мені бұл процесс соншалықты баурап алды, сол мезетте осы істі қолға алатынымды түсіндім, – деп бөліседі Эмир. Менің ұстазым Гүлнар Советқызы маған қолдау көрсетіп, шеберлікке баулып, сенімділігімді арттыруда маңызды рөл атқарды. Оның қолдауы мен қабілеттеріме деген сенімі маған үлкен демеу болды, – дейді ол шексіз ризашылықпен.
Эмирдің алда жүзеге асыруды жоспарлаған көптеген идеялары бар.
Сонымен қатар, өздерінің ерекше идеялары мен болашағы бар жобалары үшін сыртқы жинақтаушылармен марапатталған қатысушылар:
- Игорь Мартынюк «FastCard» жобасымен;
- Жаһангір Жанаткалиев «ReBarrel» – бөшкелерден жасалған жиһаз жобасымен;
- Кирилл Варламов «Laser Wood Pvl» жобасымен;
- Дана Қожахметова «Массаж кабинеті» жобасымен;
- Даниял Арынғалин «EcoPack» жобасымен көзге түсті.
Барлық қатысушылар белсенділік сертификаттарын алып, өңірдің жас әрі дарынды кәсіпкерлер қауымдастығының бір бөлігіне айналды.