Павлодар облысында заңсыз қоқыс төккен жүргізуші анықталды

Павлодар облысында заңсыз қоқыс төккен жүргізуші анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін бейнебақылау камералары қолданылып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Табиғат қорғау прокуратурасы, облыстық полиция департаменті және Павлодар қаласының әкімдігі «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру және «Таза Қазақстан» акциясы аясында бірлесіп жұмыс жүргізіп келеді.

Қоқыс үйінділері жиі пайда болатын орындарға полиция мен прокуратураның жедел басқару орталықтарына қосылған бейнебақылау камералары орнатылған. Бұл арнайы белгіленбеген жерлерге қалдық төгу фактілерін анықтап, олардың жолын кесуге мүмкіндік береді.

Камералар арқылы тіркелген заңсыз әрекет туралы мәліметтер полицияның кезекші бөліміне дереу берілген. Құқық бұзушы ұсталып, материалдар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 344-бабының 2-бөлігі бойынша жауапкершілікке тарту үшін Экология департаментіне жолданды.

Сонымен қатар, Екібастұз өңірінде қалалық прокуратурамен бірлесіп, кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактісі анықталды. Жұмыстар тоқтатылып, арнайы техника айып тұрағына қойылды.

Қоршаған ортаға келтірілген залалды анықтап, тиісті шаралар қабылдау үшін материалдар Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасына жіберілді.

Облыс прокуратурасының мәліметінше, экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу, сондай-ақ табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.