Павлодар облысында жас домбырашылар байқауына рекордтық қатысушы жиналды
«Күй шебері-2026» байқауына өңірдің түкпір-түкпірінен 350 жас өнерпаз қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласындағы М. Катаев атындағы оқушылар сарайында дәстүрлі домбыра ансамбльдерінің «Күй шебері-2026» байқауы өтті. Биыл сахнаға 40 ұжым шығып, бұл көрсеткіш байқау тарихындағы рекордтық санға жетті.
Байқау ұйымдастырушыларының айтуынша, қатысушылар санының артуы ұлттық өнердің өміршеңдігін және домбыра өнерін жалғастыратын жас ұрпақтың өсіп келе жатқанын көрсетеді.
– Бұл – ұлттық өнеріміздің өміршеңдігінің және лайықты ұрпақ өсіп келе жатқанының айғағы. Қазақтың үні үзілмесін, домбыраның қоңыр дауысы әр шаңырақта шырқала берсін! – дейді ұйымдастырушылар.
Жас өнерпаздар қазақтың халық композиторларының шығармалары мен ұлттық дәстүрді дәріптейтін күйлерді орындады. Көптеген қатысушы үшін бұл байқау ұзақ дайындықтың нәтижесін көрсетуге мүмкіндік берді.

Байқауға келген ансамбльдердің бірі – Баянауыл ауданындағы Ш. Айманов атындағы мектептің 8 «А» сынып оқушысы Ботагөз Рамазанова өнер көрсеткен ұжым. Тоғыз адамнан құралған ансамбль «Тепеңкөк» халық күйін орындады.
– Байқауға екі ай дайындалдық. «Тепеңкөк» күйі аңызға айналған сұр ат пен оның шапшаң шабысын суреттейді. Өзім оннан астам күйді орындай аламын. Олардың қатарында «Қосалқа», «Тепеңкөк», «Ерке сылқым», «Қосбасар», «Секіртпе» және «Балбырауын» бар, – дейді оқушы.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Ертіс ауданы балалар өнер мектебінің «NOVA» ансамблі жеңіп алды. Фаиз Назмитдинов жетекшілік ететін, 20-ға жуық жас домбырашыны біріктірген ұжым «Amanat» күйін орындап, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

Айта кетейік, «Күй шебері» байқауы 2014 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде ол балалар шығармашылық ұжымдарының тәжірибе алмасуына, ұлттық музыкалық мұраны танытуға және жас орындаушылардың өнерін қолдауға арналған маңызды алаңға айналды.