Павлодар облысында жасылелдіктердің жалақысы өсті

Павлодар облысында жасылелдіктердің жалақысы өсті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жастар еңбек маусымы жазда басталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық «Жасыл ел» штабының сарбаздары үш бағыт бойынша еңбек етеді – экологиялық, құрылыс және шығармашылық. Соңғысына балалар ерікті түрде іс-шараларға қатысады. Абаттандыру мен жөндеу жұмыстары үшін сарбаздарға айлық түседі.

Құрылыс жасақтарында жұмыс тәртібі сегіз сағат, ал экология жасақтарында 5-6 сағаттай. Сондықтан, жалақылары да әр түрлі болады. Экологиялық жасақтарында жалақы 80-85 мың теңгеге жуық,  құрылыс жасақтары 100-150 мың теңгеге дейін жетеді. Айта кету керек балалардың арнайы мамандығы жоқ, сондықтан жалақылары осындай көлемде. Өткен жылы біздің сарбаздарымыз 70 мың теңге алатын, яғни жалақы өсті деп айтуға болады, –  деп атап өтті облыстық «Жасыл Ел» штабының директоры Русана Сулаймонова.

Қатарынан 20 жыл жазғы кезеңде бос уақытта оқушылар мен студенттерді жұмыспен қамту үшін «Жасыл ел» бағдарламасы іске асырылып келеді. Штаб мүшелері қалалық ТҮКШ бөлімдерімен бірлесе жұмыс атқарады. Мердігерлік ұйымдар жасылелдіктермен бірге жұмыс беруші ретінде шығып, балаларға жетекшілік етеді. 

Еске сала кетейік, биыл «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 21-еңбек маусымының ресми ашылуы маусымда өтеді. Облыстың үш қаласы мен 10 ауданында аймақтық штабтар жұмыс істейді.