Павлодар облысында жер учаскелерді жалға беруден бас тартқан екі бөлім басшысы жазаланды
Қызмет алушылардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті 2024 жыл бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы мәселелері бойынша қорытындысын шығарды. Қызмет алушылардың 61 өтініші қарастырылып, 12 азаматтың құқықтары қалпына келтірілді.
Мысалы, желтоқсан айында департаментке «Республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар шегінде жер учаскесіне құқықтар алу» мемлекеттік қызметін көрсетуден негізсіз бас тарту мәселесі бойынша екі азамат жүгінді. Ақсу қаласының тұрғыны саяжай, ал Павлодар қаласының тұрғыны көлік тұрағы үшін жер жалға алғысы келген, алайда сәулет және қала құрылысы бөлімдері бұл қызмет көрсетуде бас тартты.
Департамент жоғарыда аталған бөлімдерде мемлекеттік қызметтер туралы заңнаманы сақтауға қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізді.
– Көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтарын қорғау мақсатында департамент бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселелері бойынша ұсынымдар енгізді. Бөлім басшыларына қатысты әкімшілік жауапкершілік шаралары қабылданды, – делінген хабарламада.
Заң бұзушылықтар анықталған барлық жағдайлар бойынша департамент қызметкерлері тұрақты түрде қолда бар өкілеттіктер мен құзыреттер шеңберінде азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру жөнінде дереу шаралар қабылдайды.
Егер тұрғындар мемлекеттік қызметтердің сапасыз көрсетілуіне тап болса, олар 20-85-06 сенім телефонына немесе «Уәкілетті органға жүгіну» бөліміндегі «EgovKzBot2.0» бот платформасы арқылы Telegram мобильді қосымшасында шағымдана алады.