Павлодар облысында жеңіл көлік аударылып қалды

Павлодар облысында жеңіл көлік аударылып қалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

103 қызметі мерекелік демалыс күндері күшейтілген жұмыс режиміне көшті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, соңғы тәулікте петардадан зардап шеккен немесе көшеде үсіп қалған адамдар туралы қоңыраулар түспеген. Жедел жәрдем қызметкерлері де түнгі 22:30-дан түнгі 01:30-ға дейін жаппай жаңажылдық мерекелік шаралар өткен орталық жағалауда кезекшілік етті. 

Сондай-ақ өкпе және жүрек-тамыр жүйесі ауыр сырқатына шалдыққан науқастардан да шақыртулар болды. 31 желтоқсанда 103 бригадалары жол-көлік оқиғасына бірнеше рет шықты.

Сағат 11:36-да Павлодар - Кенжекөл жолында көліктің соқтығысқаны туралы хабарлама түсті. Салдарынан 1993 және 1995 жылы туған екі ер адам зардап шекті. Екеуі де № 1 Павлодар қалалық ауруханасының жарақат пунктіне жеткізілді.

Сағат 15:00 шамасында облыс орталығы мен Атамекен ауылының арасындағы тас жолда жеңіл көлік аударылып қалды. Оқиға орнына екі жедел жәрдем бригадасы жіберілді, – дейді станцияда.

Зардап шеккендердің бірі – 15 жастағы жасөспірім облыстық балалар ауруханасына, тағы үшеуі – 18 жастағы бойжеткен мен 19 жастағы екі жас жігіт Павлодар қалалық № 1 ауруханаға жеткізілді.