Павлодар облысында жылу беруге қатысты шағымдар екі есе азайды

Павлодар облысында жылу беруге қатысты шағымдар екі есе азайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бүгінде барлық үйлерге жылу берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ағымдағы жылы жылыту маусымы әдеттегіден бір аптаға бұрын басталды. Әлеуметтік нысандар үшін 9 қыркүйектен, көппәтерлі тұрғын үйлерде 16 қыркүйектен бастап жылу берілді. Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың сөзінше, қала мен аудандардың тұрғындарынан 109 бірыңғай байланыс орталығына жылумен жабдықтауды қосуға байланысты өтініштер жолданады. 

– Жылумен жабдықтауды ерте дайындау және қосу өтініштердің азаюына әсер етті. Егер биыл қазан айының басында 361 өтініш түссе, өткен жылдың осы кезеңінде 660 өтініш түсті. Барлық келіп түскен өтініштерді қалалар әкімдіктерінің тұрғын үй инспекциясы бөлімдері пысықтады, – деді Ержан Иманзайыпов.

Қазіргі уақытта барлық 1220 әлеуметтік нысан және 2389 көппәтерлі тұрғын үй 100% жылумен жабдықтауға қосылған. 

– Гидравликалық параметрлерді ерте реттеу өтініштердің төмендеуіне себепші болды. Реттеу жұмыстары екі-үш аптаның ішінде жүргізіледі. Осы уақытта жылу үйлерге рет-ретімен беріледі. Пәтердегі бір бөлменің батаерялары жылы, ал басқасында суық деген шағымдар түсіп жатады. Параметрлерді реттеу сатысында бұл сұрақтармен Павлодар жылу желілері айналысады, – деді Ержан Иманзайыпов.

Айта кетейік, үш қаладағы жылумен жабдықтау желілерінде 31,3 шақырым жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды.