Павлодар облысында жол қозғалысына шектеу қойылды
Жолдарда тұман және көктайғақ байқалуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 желтоқсан күні сағат 20:00-де ауа райының бұзылуына, атап айтқанда қалың тұманға және нашар көрінуге байланысты Павлодар облысының бірқатар жолдарында көлік қозғалысына шектеу қойылды.
Республикалық маңызы бар «Павлодар – Шарбақты – РФ шекарасы (Шарбақты ө/п)» автожолының 0-ден 112 шақырым аралығындағы учаскесінде (Павлодар қаласынан Ресей Федерациясының шекарасына дейін) барлық көлік түрлерінің қозғалысы тоқтатылды. Бұл жолды 3 желтоқсан күні сағат 7:00-де ашу жоспарланған.
Сонымен қатар, 2 желтоқсан күні сағат 20:30-дан бастап ауа райының қолайсыздығына байланысты облыстық маңызы бар «Шақат-Восточное-Шалдай» автожолының 0-ден 121,6 шақырым аралығындағы учаскесінде де барлық автокөлік түрлерінің қозғалысы жабылды.
Жүргізушілер қосымша ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 байланыс орталығына хабарласу арқылы ала алады.