Павлодар облысында жол ережесін бұзғандар камераға түсіп жатыр
Тек бір айда облыста полиция камераларының көмегімен үш мыңға жуық құқық бұзушылық тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жыл басынан бері облыс бойынша полиция департаментінің жедел басқару орталығының камералары арқылы 2978 құқық бұзушылық анықталды. Олардың басым бөлігі – жол қозғалысы ережелерін бұзу. Бейнекамералардың көмегімен 24 қылмыс ашылды.
– Мысалы, Павлов көшесінде тыйым салатын жол белгісінің талаптарын бұзған Нива және Mitsubishi автокөліктерінің жүргізушілері әкімшілік жауапқа тартылды. Мәшһүр-Жүсіп көшесінде газель автокөлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншіге жол бермей, оның алдынан өтіп кеткен. Аталған құқық бұзушылықтардың барлығы жедел басқару орталығының камералары арқылы тіркеліп, заң аясында тиісті шаралар қабылданды, – делінген хабарламада.
Полиция азаматтарды қырағы болуға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Жол қозғалысы ережелерін бұзған тұлғалар заңға сәйкес міндетті түрде жауапқа тартылатынын ескертеді.