Павлодар облысында жолдардағы жағдай нашарлап келеді

Республикалық маңызы бар Астана – Павлодар бағытындағы автожол жабық, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ауа райының қолайсыздануына, қар аралас жаңбырдың жаууына және жолдарда көктайғақтың пайда болуына байланысты облыс аумағындағы автожолдарда қозғалыстың жабылуы күтілуде. Полиция жүргізушілерге ауа райының өзгерісін, SMS-хабарламаларды мұқият бақылап, жолдар жабылған жағдайда жолға шықпауға қатаң түрде кеңес береді.
– Республикалық маңызы бар Астана – Павлодар бағытындағы автожол жабық. Метеожағдайдың нашарлауы мен автожолдардың жабылуы туралы жедел ақпаратқа назар аудару қажет. Сонымен қатар, ауылдық жерлерде тұратын тұрғындарға ауа райы қолайсыз кезінде алыс қашықтыққа жаяу шығудан бас тарту ұсынылады, – деді облыстық полиция департаментінде.
Тәртіп сақшылары көлік жүргізушілеріне сапар бағытын алдын ала жоспарлап, барынша мұқият болуға, қозғалыс кезінде жылдамдық режимін және қауіпсіз арақашықтықты сақтауға, сондай-ақ алыс сапардан бас тартуға кеңес береді.
Егер төтенше жағдайға тап болған жағдайда, бірыңғай құтқару қызметінің 112 немесе полицияның 102 нөміріне хабарласуға болады.