Жалған шебер: Павлодарда техника жөндеуші алаяқ анықталды

Жалған шебер: Павлодарда техника жөндеуші алаяқ анықталды
Фото: pexels.com/Mikhail Nilov

Ол тағы сегіз қылмысқа қатысы бар екені анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ер адам өзін тұрмыстық және компьютерлік техниканы жөндейтін шебер ретінде таныстырып, азаматтардан телефон, гаджет және басқа да құрылғыларды қабылдап отырған. Алайда уәде етілген қызметті орындаудың орнына, ол алынған мүлікті ломбардқа өткізіп, ақшаны жеке қажетіне жұмсаған. Қазіргі уақытта оның осындай 8 қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Павлодар облысының киберполиция қызметкерлері бірнеше рет алаяқтық жасады деген күдікпен жергілікті тұрғынды анықтап, ұстады.

– Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асхат Әбетжанов.

Полиция азаматтарды сақ болуға және күмәнді қызмет немесе мәміле ұсынатын бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырады. Бөгде тұлғаларға ақша, мүлік немесе жеке деректерді бермеңіздер.

Егер сіз алаяқтардың құрбаны болсаңыз, дереу «102» нөмірі арқылы немесе «Police 102» мобильді қосымшасы арқылы полицияға хабарласыңыз.