Павлодарда туған ағасын өлтірген ер адам сегіз жылға сотталды

Ағайындылардың арасында жанжал туындаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
15 мамыр күні облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды. Сот ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша айыпталған А.-ға үкім шығарды.
– Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдың 22 желтоқсанында Павлодар қаласында А. мен оның үлкен ағасы Е. арасында тұрғылықты мекенжайында жанжал туындаған. Жанжал кезінде ағасы Е. еш жерде жұмыс істемейтіні үшін А.-ға дөрекі сөздер айтып, сөгіс білдірген. Сол сәтте алкогольдік масаң күйде болған А. туындаған араздықтың әсерінен асхана пышағын алып, ағасының сол жақ кеуде тұсына бір рет қасақана соққы жасаған. Пышақ жүрек қуысын зақымдап, жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған, – деді облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Сотта мемлекеттік айыптаушы А.-ны 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал сотталушы мен оның қорғаушысы әрекетті ҚК 106-бабы 3-бөлігімен, яғни абайсызда өлімге әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын келтіру ретінде қайта саралауды сұрады.
Сот А.-ның кінәсін сотталушы мен куәлардың айғақтары, сот-медициналық сараптаманың қорытындылары және өзге де дәлелдер негізінде дәлелденген деп тапты. Сотталушының бұрын сотты болмағанын, кінәсін мойындап, өкінгенін ескере отырып, оған ҚК 99-бабы 1-бөлігімен 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.