Павлодар облысында қасаң қабық трансплантациясы жасалған науқастардың жағдайы қандай?

Павлодар облысында қасаң қабық трансплантациясы жасалған науқастардың жағдайы қандай?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Алғашқы екі операция қаңтар айының соңында жасалған болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық офтальмологиялық қызметтің маңызды жетістіктерінің бірі – кератопластика, яғни қасаң қабықты трансплантациялау технологиясын меңгеруі. Бүгінде мамандар осындай бес операция жасады.

Қаңтар айында жасалған отада қасаң қабықтар марқұм донордан, оның туыстарының келісімімен алынды. Көп ағзалы донорлық аясында мамандар ағзаларды алуға қатысты: жүрек, бүйрек және бауыр трансплантацияға алынды, ал офтальмологтар екі көз алмасын алып, олардан екі науқасқа қажетті қасаң қабықтарды дайындады.

Бұл өңірдегі ақ желеңділердің алғашқы тәжірибесі еді. Бұған дейін қасаң қабықты трансплантациялау операциялары негізінен Алматы мен Астанадағы мамандандырылған орталықтарда жасалып келген.

Операциядан бері шамамен жарты жыл өтті. Қазір екі науқас та дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Мамандар оң динамикаға қол жеткізгендерін айтып отыр.

–  Трансплантаттар жақсы бітісіп, мөлдірлігін сақтады. Бұл – операцияның сәтті өткенін көрсететін негізгі көрсеткіштердің бірі. Дегенмен түпкілікті нәтижені бағалау үшін ұзақ уақыт, шамамен бір жыл бақылау қажет екенін атап өткім келеді, – деді облыстық аурухананың офтальмология бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер Қасымхан Тлеубаев.

Науқастардың бірі – 70 жастағы әйел, екіншісі – 65 жастағы ер адам. Операцияға дейін олардың бір көздері көрмеген. Көру қабілетінің жоғалуына түрлі аурулар мен асқынулар, соның ішінде бұған дейін жасалған операциялардың салдары, көздің күйігі мен жарақаттары себеп болған.

– Тағы үш операция шамамен бір ай бұрын мастер-класс аясында жүргізілді. Бұл жолы арнайы консервіленген донорлық қасаң қабықтар пайдаланылды. Олар АҚШ-тан жеткізілді. Қазақстанмен ресми түрде жұмыс істейтін қасаң қабық банкі дәл осы Америка Құрама Штаттарында орналасқан, – дейді дәрігер. 

Мұндай трансплантаттардың құны жоғары – бір қасаң қабық шамамен 1,5 миллион теңге тұрады. Сонымен қатар, дәрігерлердің айтуынша, қазіргі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру тарифі олардың құнын өтемейді. Операцияларды өткізу облыстық аурухана әкімшілігі мен жеке компанияның қолдауының арқасында мүмкін болды. Олар мастер-класс аясында қажетті қасаң қабықтарды ұсынды. Шетелден медициналық материалдарды әкелуге байланысты барлық заңнамалық рәсімдер сақталды.

– Соңғы үш операцияның екеуі – қасаң қабықты толық алмастыру арқылы жасалатын кератопластика. Ал бір науқасқа қабаттық кератопластика жасалды. Бұл жағдайда қасаң қабықтың зақымданған бөлігі ғана, нақтырақ айтқанда, эндотелий қабаты ауыстырылды, – деді Қасымхан Тлеубаев.

Қазір бұл науқастар да дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Себебі операциядан кейінгі кезең мұқият әрі жүйелі бақылауды қажет етеді. 

– Бұл технология болмағанда, аталған науқастардың көру қабілетін қалпына келтіру мүмкіндігі өте төмен болар еді. Олардың диагнозы – қасаң қабықтың зақымдануынан болған соқырлық. Бүгінде олар қайтадан көріп, күнделікті өмірге оралып жатыр. Науқастардың қуанышы – біз үшін ең үлкен нәтиже. Олардың көру қабілетінің қалпына келгеніне өзіміз де қуаныштымыз, – дейді дәрігер.

Соңғы үш науқастың қатарында 25 жастағы жас жігіт те бар. Ол қасаң қабықтың туа біткен патологиясынан зардап шеккен. Бұған дейін Алматы қаласында оның бір көзіне кератопластика жасалған болса, екінші көзіндегі күрделі операция енді туған өңірінде, заманауи технологияның көмегімен жүргізілді.

Ал қалған екі науқастың біріне бұрын жасалған операциядан кейінгі асқынулар себеп болса, екіншісі көз жарақатының салдарынан көру қабілетінен айырылған. Екеуіне де қасаң қабықты трансплантациялау арқылы көру мүмкіндігін қалпына келтіруге жол ашылды.