Павлодар облысында қос басқармаға басшылар тағайындалды

Павлодар облысында қос басқармаға басшылар тағайындалды
Фото: Валерий Бугаев

Екі басқарманың да басшылары 1984 жылы туған, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.

Облыс әкімінің өкімімен Ержан Бейбітұлы Иманзаипов өңірлік кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды

Ержан Бейбітұлы 1984 жылы туған, жоғары білімі бар. Еңбек жолын 2006 жылы Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы болып бастаған.

2006-2011 жылдар аралығында ҚР индустрия және сауда министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жетекші маманы болып қызмет етті.

2011 жылдан 2013 жылға дейін Ақмола облысының табиғи монополияларды реттеу департаменті директорының орынбасары, 2014 жылға дейін - Қазақстан Республикасы табиғи монополияларды реттеу агенттігінің басқарма басшысы, департамент директорының орынбасары болып еңбек етті.

2014-2017 жылдары Павлодар қаласы әкімінің орынбасары, Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2017 жылдан 2019 жылға дейін Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарды. 2019 жылдан 2020 жылға дейін Екібастұз қаласының әкімі болды.

Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Павлодар қаласының әкімі болды.

Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіннің бұйрығымен Ғалымжан Жаппарұлы Байсейітов Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті Павлодар облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы болып тағайындалды.

Ғалымжан Жаппарұлы 1984 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Жоғары білімі бар, 2005 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша, 2014 жылы Cornell University «Экономика және қаржы саласындағы мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша, 2018 жылы Қазақстан халықтар достығы инженерлік-педагогикалық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2006 жылы Астана қаласының «Санжар Индастриз» ЖШС экономист-менеджері болып бастаған.

2006 жылдан 2016 жылға дейін көлік инфрақұрылымын дамыту комитетінің, Көлік және коммуникациялар министрлігінің автомобиль жолдары комитетінің, Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму министрлігінің автомобиль жолдары комитетінің жетекші маманы, сарапшысы, бас сарапшысы болып жұмыс істеді.

2016 жылғы наурыздан 2018 жылғы қаңтарға дейін - Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері министрлігі департаментінің, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бас сарапшысы, бас консультанты.

2018 жылдың қараша айынан бастап осы лауазымға тағайындалғанға дейін Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің Түркістан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары болып қызмет етті.