Павлодар облысында ұлдардың саны өсіп барады

Павлодар облысында ұлдардың саны өсіп барады
Фото: Константин Шелков

Өңірде халықтың саны 750 мыңға жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Жақан Жәкенов мәлім етті.

– 2023 жылдың қаңтар-мамыр айларында облыста 4172 сәби дүниеге келді, оның ішінде 2166 ұл туса, қыздар саны– 2006, – дейді Жақан Жәкенов.– Яғни, статистика бойынша 100 қызға 108 ұл дүниеге келді.

Аталған уақыт аралығында 2871 адам қайтыс болды. 

– Қайтыс болғандардың ішінде ерлердің саны 54,1 пайыз, әйелдердің саны 45,9 пайыз. Статистика бойынша, халықтың табиғи өсімі 1301 адамды құрады, – дейді Жақан Жәкенов.

Айта кету керек, осы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша облыста  халық саны 755 543 адамды құрады. Қала тұрғындарының саны 533 606 (70,6%), ауыл тұрғындарының саны 221 937 адамды (29,4%)құрайды.