Павлодар облысында әзірге тас жолдар ашылмайды

Павлодар облысында әзірге тас жолдар ашылмайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұған ауа райының қолайсыздығы себеп болып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында бес республикалық және 11 облыстық маңызы бар жол жабық күйінде қалды.

– Жолдарда полиция бекеттері қойылды. Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы күшейтілген режимге көшірілді. Бекеттерде арнайы техника мен вахталық көліктер бар, қызметкерлер кезекшілік етуде. Біз азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – деп хабарлады ведомствода.

Республикалық маңызы бар жолдарда 83 техника мен 211 адам қар тазалауда. Облыстық маңызы бар жолдарды тазалауға 42 техника мен 52 адам жұмылдырылған.

Облыс бойынша 301 жүк көлігі, 132 жеңіл көлік және 5 автобус тас жолдарда тұрып қалды. Барлығы 725 адам, оның 19-ы балалар. Төрт адам жылыну пункттеріне жеткізілді.

Облыс әкімдігі халық пен еріктілерге азық-түлікпен қамтамасыз ету арқылы көмектеседі.

Естеріңізге сала кетейік, аталған жолдар бүгін сағат 06:35-те жабылған болатын. Жолдардың қашан ашылатыны белгісіз.