Павлодар облысының өнерпаздары халықаралық байқауда топ жарды

Павлодар облысының өнерпаздары халықаралық байқауда топ жарды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«Вдохновение» вокалдық ұжымы жоғары орындаушылық шеберлігімен ерекшеленіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақсу қаласының «Вдохновение» вокалдық ұжымы орындаушылық шеберлігінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп, Қырғыз Республикасының Ыстықкөл жағалауында ұйымдастырылған «Zhuldyz Art Kazakhstan – 2026» халықаралық байқауында ел абыройын асқақтатты.

Байқау Қырғызстан халқы Ассамблеясы мен Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылды. Бұл – Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның дарынды өнерпаздарын біріктіретін ең ірі халықаралық шығармашылық байқаулардың бірі. «Zhuldyz Art Kazakhstan – 2026» – беделді халықаралық қазылар алқасы, әрбір жеңімпазға жеке марапаттар мен бағалы сыйлықтар, үлкен сахна, кәсіби дыбыс сапасы және барлық жанр мен жас ерекшелігіне арналған жоғары деңгейдегі ұйымдастыруымен ерекшеленетін өнер додасы.

Алма Қуанышбекованың жетекшілігіндегі «Вдохновение» ұжымы екі ән орындап, әсем үн, сахналық мәдениет және жоғары орындаушылық шеберлігімен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Байқау қорытындысы бойынша ансамбль Гран-при және І орын иеленіп, дипломдармен, медальдармен және кубокпен марапатталды.

Ал ұжым жетекшісі Алма Қуанышбековаға қатысушыларды кәсіби деңгейде дайындағаны үшін арнайы Алғыс хат табысталды.