Павлодар облысының бас дәрігері барлық аудандық ауруханаларды аралап шықпақ

Павлодар облысының бас дәрігері барлық аудандық ауруханаларды аралап шықпақ
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Иран Шаметеков жұмыс сапарын Шарбақты аудандық ауруханасынан бастады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы ауылдық медициналық мекемелердің жұмысымен танысу мақсатында аурухана аумағын аралап, бөлімшелер мен палаталарды тексерді, науқастармен сөйлесті. Сондай-ақ, ұжыммен кездесу өткізіп, өзекті мәселелерді талқылады, ұсыныстарды тыңдады.

 Мұндай сапарлар медициналық көмектің көрсетілу жағдайымен, санитарлық ахуалмен және мекеменің жұмыс ұйымымен жан-жақты танысуға мүмкіндік береді. Мұндай тәжірибе алдағы уақытта жалғасын табады, барлық аудандық ауруханаларға баруды жоспарлап отырмын, – деді Иран Шаметеков.

Бұл ауылдық денсаулық сақтау жүйесінің нақты жай-күйін бағалауға және оны жақсарту жолындағы жұмыстың бағытын айқындауға мүмкіндік береді.

Басқарма басшысы кездесу соңында ұжымның алдына көрсеткіштерді арттыру, медициналық қызмет сапасын жақсарту және әрбір пациентке мейірімді әрі мұқият қарым-қатынас жасау бағытын жалғастыру сияқты бірқатар міндеттер қойды.  

Биыл бюджет аясында санитарлық автокөліктерді жаңарту, медициналық ұйымдарды күрделі жөндеу және жабдықтау жоспарланған. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында алты ауылдық медициналық нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Нәтижесінде шалғай елді мекендердің тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамтылады.  

Бүгінгі таңда облыстық денсаулық сақтау басқармасы саланың қазіргі жағдайына талдау жүргізіп, оны әрі қарай дамыту жоспарын әзірлеуде.  

Еске сала кетейік, Шарбақты ауданында билік көшіп келген мамандарға жұмыс табуға және баспана алуға көмектеседі. Бірнеше жыл ішінде бұл ұсынысты аудандық ауруханада жұмыс істейтін алты дәрігер мен медбике пайдаланған. Қызметкерлердің бір бөлігі – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға оралған Шарбақты ауданының тұрғындары.