Павлодарлықтар көп тіркелген және бас тартқан емханалар аталды
Науқастарға медициналық ұйымының жұмысына көңілі толмағанда қайда шағымдану керектігін түсіндірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыс бойынша филиалының директоры Жангелді Шаймбетов емханаларға бекіту кампаниясының қорытындысы туралы мәлім етті.
– Екі айға созылған жыл сайынғы емханаларға халықты бекіту науқаны аяқталды. Нәтижесінде облыс емханаларына барлығы 13 746 адам тіркелді, яғни олар емхана ұйымын өзгертті, – деді Жангелді Шаймбетов.
Аталған науқан азаматтардың қазіргі емханаға көңілі толмаса, ауыстыру мүмкіндігіне ие болу, ал нарық қатысушылары, оның ішінде жаңадан ашылған медициналық ұйымдар келесі жылы халыққа медициналық қызмет көрсетуге тапсырыс алуы үшін өткізіледі. Бүгінде облыс бойынша емханаларға барлығы 770 155 адам бекітілген.
– Павлодар қаласының №3 емхана мен Almaz Medical Group медициналық ұйымына тіркелген адамдар бойынша көш бастайды. Ал халық көп кетіп, ауыстырған мекемелер қатарына қалалық №1 және 5 емханалар, «Viamedis» медициналық ұйымы жатады, – деді спикер.
Оның сөзінше, тұрғындардың өз емханасына шағымы бар болса, кез келген уақытта әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгіне алады.
– Әр медициналық ұйымда қолдау қызметі жұмыс істейді. Биыл бізге 7 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Шағымдардың сипатына сапасыз қызмет көрсету, кезекте көп тұрып қалу, диагностикалық, консультативтік қызметтерінің қолжетімсіздігі мен дәрі-дәрмектердің қамтамасыз етілуі жатады, – деп атап өтті Жангелді Шаймбетов.
Мәселені шешу мүмкін болмаса, науқас әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалына 70-41-23, 70-41-24 байланыс телефондары және 8 (707) 559-46-50 WhatsApp желісі арқылы хабарласып, өтініш қалдыра алады.
Айта кетейік, тіркеу электронды үкімет порталы арқылы немесе таңдалған медициналық ұйымда белгілі бір санаттағы азаматтарға тікелей хабарласу арқылы онлайн режимінде жүзеге асырылды. Облыста амбулаториялық-емханалық қызмет көрсететін барлығы 32 медициналық ұйым бар, оның 15-і – мемлекеттік, 17-сі – жеке меншік.