Павлодар облысының бас имамы жаңбыр сұрау рәсіміне шақырады
Рәсімге қатысамын деушілер жайнамаз алып келуі керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірдің бас имамы Жолдас Қоспақұлы видео-жолдау түсірді. Бейнебаянда имам «Құлагер» ипподромында өтетін жауын сұрау рәсіміне қатысуды сұрады.
– Өздеріңіз байқағандай күн ыстық, жауын жоқ. Сондықтан сіздерді осы рәсімге шақырамыз, – деп Жолдас Қоспақұлы халықты осы намазға бірге қатысуды сұрады.
Шараға облыс мешіттерінің имамдары мен жамағаты қатысатын болады. Діни рәсім 7 маусым күні сағат 11:00-де «Құлагер» ипподромында өткізіледі.
Айта кетейік, жерге тамшы тамбай, ауа температурасы көтеріліп, қуаңшылық болған кезде жұрт жиылып, тасаттық рәсімін орындайды. Яғни, тасаттық – көпшілік жиылып атқаратын діни рәсім. Көпшілік қауым болып жиналып, құрбандық шалып, сауабын аруақтарға бағыштап, құран оқылып, құдайдан жаңбыр жаууын тілеп ниет қылады.
Естеріңізге сала кетейік, облыстың басым бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Аймақ бойынша күндізгі уақытта ауа температурасы +36...+39 градусқа дейін көтеріледі. 4 маусым күні Павлодар қаласында ауа температурасы +36,3 градусқа дейін көтеріліп, көпжылдық максимумнан асып түсті. 2012 жылы максимум + 35,4 градусқа дейін барған. Ал 5 маусым күні +37.3 градусқа дейін барды.