Павлодар облысының басты сахнасында жаз мезгілі мерзімінен бұрын басталды
Жаңбыр астында ондаған мың қала тұрғынымен бірге кеш өткізгендердің әсері – @Pavlodarnews.kz фоторепортажында.
Күнтізбе бойынша әлі көктем болғанымен, өңірдің басты сахнасында жаз басталып кетті – «Ertis Promenade» алаңында концерт маусымы ресми түрде ашылды. Былтырғыдан айырмашылығы, ұйымдастырушылар бұл жолы павлодарлық жұлдыздарды іздемей, үйреншікті форматқа оралып, қазақстандық және шетелдік орындаушыларды шақырды.

Бағдарлама шамамен 30 жылдық музыкалық дамуды қамтыды – ең «тәжірибелі» жобалардың тарихы 1990 жылдардың соңынан басталса, жаңа есімдер TikTok пен стриминг дәуірінде танылды. Сондықтан концерт бумерлерден бастап альфа буынына дейінгі кемінде бес буын павлодарлықтардың қызығушылығын тудырды.

Сет-лист нағыз фестивальдік форматта өтті: Балжан Бидаштың эмоцияға толы поп-эстрадасы, Bayansulu-дың атмосфералық этно және альт-попы, Baqzhvn-ның нейро-музыкасы, Nana-ның еуро-рэпі мен хип-хопы, Truwer-дің андерграунд және эксперименталды рэпі, Burito-ның философиялық поп-рокы көрерменге ұсынылды.

Неміс-америкалық рэпер Nana-ның айтуынша, Павлодарға жету оңай болмаған, бірақ бәрі соған тұрған.
– Біз Стамбұлға дейін ұштық, одан Астанаға, кейін Павлодарға келдік. Мұнда [маусымның ашылуында – авт.] болу үшін келдік. Қазақстан – өте әдемі ел, адамдары да керемет. Осында болғаныма қуаныштымын, Қазақстанды жақсы көремін. Жаңбырға қарамастан бізбен бірге қалғандарыңызға рақмет. Бірнеше жыл бұрын анамнан айырылдым, бұл өте ауыр. Бірақ бір нәрсе кетсе, оның орнына бір нәрсе келеді. Сондықтан біз тек қуанып, Құдайға шүкір етуіміз керек. Жаңбыр жауа берсін, – деді Nana «Let it Rain» әнін орындамас бұрын.
Үш сағаттық жауынға қарамастан, жағалауда халық көп болды. Сол кезде сахнаға Truwer шықты. Рэпер туған қаласына «Omerta» тобының достарымен бірге келді.

Жаңбыр тағы бір «хедлайнерге» – отшашуға да кедергі болмады. Биыл оны жаңа залптармен әсерлі ете түсті.

Қалалық мәдениет бөлімінің мәліметінше, өткен жылы «Ertis Promenade» концерттері 800 мыңнан астам көрермен жинаған. Биыл бұл көрсеткіш артуы мүмкін – ұйымдастырушылар мәдениет күндерін, фестивальдер, спорттық жарыстар, кино көрсетілімдері мен қазақстандық және шетелдік әртістердің концерттерін жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде Леонид Агутин, MOT, Jony, Zivert және «Иванушки» тобымен келіссөздер жүргізіліп жатқаны белгілі.
