Павлодар облысының шаруалары биыл қанша су пайдаланды?

Павлодар облысының шаруалары биыл қанша су пайдаланды?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде 2026 жылғы суару маусымы қорытындыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері суармалы егістіктерін қажетті сумен қамтамасыз етіп, маусым барысында су ресурстарын пайдалану қатаң бақылауда болды.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті Ертіс бассейндік су инспекциясы басшысының су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі орынбасары Елеусіз Қамбаровтың айтуынша, суару маусымының тұрақты өтуіне су ресурстарын алдын ала жоспарлау, су қоймаларының жұмысын реттеу және күнделікті мониторинг жүргізу ықпал еткен.

Биыл Павлодар облысы бойынша Ертіс өзені бассейнінде тұрақты суаруға арналған су пайдалану лимиті 160 миллион текше метр көлемінде бекітілді. Су пайдаланушылардың алдын ала берген мәліметтері бойынша суармалы жерлердің көлемі 102,8 мың гектарды құраған. Ал жоспарланған су алу көлемі 252,7 миллион текше метр болған.

– Алайда маусым қорытындысында суару қажеттілігіне нақты алынған су көлемі 108,3 миллион текше метрді құрады. Вегетациялық кезең бойы Ертіс бассейндік су инспекциясы гидрологиялық жағдайды, су келімін және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің нақты қажеттілігін ескере отырып, су қоймаларының жұмыс режимін реттеп отырды. Бұл су беру көлемін жедел түзетуге және суармалы алқаптарды сумен қамтуда іркілістерге жол бермеуге мүмкіндік берді, – деді Елеусіз Қамбаров. 

Суару маусымының тұрақты өтуіне су қоймаларындағы қордың жеткілікті болуы да әсер етті. Қазіргі таңда жоғарғы Ертіс су қоймалары каскадтарында 36,3 миллиард текше метр су жинақталған. Бұл жобалық көлемнің 69,2 пайызына тең.

Суару маусымында су ресурстарын заңсыз пайдаланудың алдын алу бағытындағы жұмыстар да күшейтілді. 2026 жылдың басынан бері 17 тексеру жүргізіліп, олардың нәтижесінде су заңнамасының 17 бұзушылығы анықталған. Барлық факті бойынша әкімшілік ден қою шаралары қабылданып, 17 әкімшілік айыппұл салынды.

Суармалы алқаптарды сумен қамтамасыз етуге «ҚазСуШар» РМК Павлодар филиалы да атсалысты. Кәсіпорын облыстың үш ауданындағы төрт өндірістік учаске арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге үш миллион текше метрден астам су берген.

Филиалдың пайдалану бөлімінің бас маманы Серік Мұстафиннің айтуынша, филиалдың негізгі су шаруашылығы нысандарына Шідерті магистральдік каналы, Шідерті су өткізгіш трактісі, Қолыбай лиманды алқабы, сондай-ақ Ертіс маңы, Майтүбек, Әуелбек және Қаратерек тұрақты суару өндірістік учаскелері кіреді.

– Мәселен, Ертіс маңы өндірістік учаскесі арқылы «Болашақ-Агро» ЖШС-нің 721 гектар суармалы алқабы сумен қамтамасыз етіледі. Шаруашылықта күнбағыс, зығыр және бидай өсіріледі. Вегетациялық кезең басталғалы бері мұнда 800 мың текше метрден астам су берілді, – деді Серік Мұстафин. 

Майтүбек өндірістік учаскесі Май ауданындағы «Май Агро-М» ЖШС-не қызмет көрсетеді. Шаруашылық 845 гектар жерге картоп, арпа және бидай егеді. Биыл оған 1,5 миллион текше метр су жеткізілген.

Ал Қаратерек өндірістік учаскесі «My feedlot» ЖШС-нің егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етеді. Биыл кәсіпорын егістікті ылғалдандыру үшін «Қазводхоз» РМК-мен су беру туралы шарт жасасқан. Нәтижесінде шаруашылыққа 53 235 текше метр су берілді.

Ақтоғай ауданындағы Әуелбек өндірістік учаскесі «Жангөбек» ЖШС-не суармалы су жеткізеді. Вегетациялық кезең басталғалы бері аталған учаске арқылы 800 мың текше метр су берілген. Шаруашылық 226,66 гектар алқапта картоп өсіреді.

– Тұрақты суару нысандарының барлығында «Акрон-01» ультрадыбыстық шығын өлшегіштері орнатылған. Тұрақты суаруға арналған су магистральдық құбырлар арқылы беріледі. «Судың қара нарығын» пайдалану бойынша заң бұзушылықтар анықталған жоқ», – дейді Серік Мұстафин.

Суару маусымы аяқталғанымен, су ресурстарын тиімді пайдалану жұмысы жалғаса береді. Мамандар үшін ендігі маңызды кезең – қолда бар су қорын сақтау және келесі маусымға дайындықты уақытылы бастау.