Павлодар облысының бас полицейі тұрғындар алдында есеп берді

Павлодар облысының бас полицейі тұрғындар алдында есеп берді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кездесу онлайн форматта ZOOM платформасында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, кездесуге зейнеткерлер, жастар, үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері, кәсіпкерлер, еріктілер, құқық қорғаушылар және жергілікті билік өкілдері қатысты.

Негізгі спикер – облыстың ішкі істер органдарының бастығы Василий Скляр. Ол 2024 жылдың және 2025 жылдың алғашқы екі айының жұмыс қорытындыларымен бөлісті.

– Қабылданған шаралардың нәтижесінде облыстағы жедел жағдай тұрақты сақталуда. Кісі өлтіру, ауыр дене жарақаттары, қарақшылық, мал ұрлығы және өзге де қылмыстардың саны азайды. Қоғамдық орындарда жасалатын құқықбұзушылықтар да төмендеді. Ағымдағы жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. Нәтижесінде екі айда көшелер мен қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар, кісі өлтіру, тонау, ұрлық, мал ұрлығы және бұзақылық саны төмендеді, – деп атап өтті Скляр.

Құқық қорғау органдары интернет-алаяқтық мәселесіне ерекше мән беруде, себебі өткен жылы мұндай қылмыстар 406 жағдайға көбейген. Киберқылмыспен күресу үшін арнайы басқармалар құрылып, олар «ARGUS» бағдарламасы мен «IRIS» кешендерін қолдануда. Бұл технологиялардың көмегімен 842 қылмыс ашылып, 295 алаяқтық ісі анықталды. Сондай-ақ, 296 қылмыскер мен із-түзсіз жоғалған азаматтардың жеке басы анықталды. 20 алаяқ пен 400-ден астам қылмыс жасаған үш адамнан тұратын топ ұсталды. «Анти-фрод орталығы» платформасы арқылы 452 банк шоты бұғатталды. Дегенмен, алаяқтар өз әдістерін жетілдіріп, азаматтар әлі де алаяқтардың құрбаны болуда. Осыған байланысты Скляр тұрғындарды сақ болуға шақырды.

Нашақорлықпен күрес бағытында 2024 жылы 256 есірткі қылмысы анықталып, 461 келі есірткі тәркіленді. Есірткі саудалаған қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылып, марихуана мен синтетикалық заттар өндірген үш зертхана жойылды. 2025 жылдың өзінде 57 келі есірткі тәркіленді.

Генерал қоғам белсенділерінің еңбегін ерекше атап өтті. Қазіргі уақытта 1000-нан астам адам полицияға көмек көрсетуде. Олардың қатысуымен 76 қылмыс ашылып, 1000-нан астам әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесілді. Еріктілер жоғалған адамдарды іздестіруде маңызды рөл атқарады.

– Сіздердің еңбектеріңіз бен жанқиярлық көмектеріңізді жоғары бағалаймыз, – деді Скляр.

2025 жыл Ішкі істер министрі тарапынан Құқықбұзушылықтың алдын алу жылы деп жарияланды. Өңірде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімшелері құрылып, олар жедел әрекет етеді, қайталануына жол бермейді және зардап шеккендерге қолдау көрсетеді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілді: мектептер мен колледждерге полиция қызметкерлері бекітіліп, буллингтің алдын алу жұмыстары жүргізілуде. 88 бейресми көшбасшы мен 19 антиәлеуметтік топ анықталып, олармен мамандар жұмыс істеуде. Барлық білім беру мекемелері бейнебақылау жүйелерімен және дабыл батырмаларымен жабдықталған.

Жол қозғалысы саласында жол-көлік оқиғалары мен зардап шеккендердің көбеюі алаңдаушылық тудыруда. Оның негізгі себептері – жүргізушілердің тәртіпсіздігі мен жаяу жүргіншілердің жол ережелерін сақтамауы. 130 мыңнан астам құқықбұзушы жауапкершілікке тартылды. 97 автоматты бақылау жүйесі, оның ішінде RedSpeed және «Кибер-Шериф» кешендері жұмыс істеп, 70 мыңнан астам ереже бұзу дерегін тіркеді.

Кездесу барысында қатысушылар қауіпсіздікті күшейту және полицияға деген сенімді арттыру бойынша өз ұсыныстарын білдірді. Скляр барлық сұрақтарды мұқият тыңдап, көпшілігін сол жерде шешті, ал қалған мәселелер бойынша тиісті қызмет басшыларына тапсырма беріп, олардың орындалуын жеке бақылауына алды.