Павлодарлық оқушылар көрші өңірлердің жазғы лагерьлеріне алаңсыз бара алады

Павлодарлық оқушылар көрші өңірлердің жазғы лагерьлеріне алаңсыз бара алады
Фото: pexels.com/Israyosoy S.

Былтырғы келеңсіз жағдайдың алдын алу мақсатында жіті тексерулер жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Өткен жылы Бурабайдың «Эдельвейс» жазғы лагеріне демалуға кеткен павлодарлық оқушылар жаппай ауруханаға түскен болатын. «Жаздық жолдама» бағдарламасы бойынша Павлодар облысынан аталмыш лагерьге ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 96 бала және ауылдық жерлерден 100 бала тәрбиешілермен бірге жіберілді. Бұл оқиғадан кейін облыстық білім беру басқармасы лагерьлердің қадағалауын аса бақылауға алып, тексерістерді күшейтті.

– Дәл сол оқиға болған жағдайда бәрімізді қатты қобалжытты. Балаларымыздың өмірі мен қауіпсіздігіне өте уайымдадық. Шын мәнінде де биылғы жазғы сауықтыру маусымы басталарда да осы сұрақты біз талдадық. Менің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарым сол уақыттарда барлық лагерьлерді мамандармен барып, қарап шықты. Барған уақытта балаларға жасалатын жағдайды қараймыз. Біздің өңіріміздегі оқу сауықтыру лагерьлеріне өзіміз жауапты боламыз. Ол жерде қарау да, тексеру де, бақылау да қолжетімді жерде, сондықтан ол оңайырақ, – деді Самал Айтқазина.  

Оның сөзінше, арнайы мамандар, тәрбиешілер облыстан тыс лагерьлерге балаларды ертіп апарады. Сол лагерьдің құжаттары, эпидемиологиялық бақылау департаментінен алған қағаздары тексеріледі. Басқармада осындай келеңсіз жағдай қайталанбайды деп үміттенуде және ол үшін алдын-ала тексерістерді жүргізіп, қауіпсіздік сұрағын ерекше бақылауда ұстайды.

Айта кетейік, биыл 109 мыңнан астам оқушының жазғы демалысын ұйымдастыру жоспарлануда. Маусым айында балалар үшін өңірдегі 11 лагерь есігін ашады. 

Оның ішінде Мичурин ауылындағы және Баянауыл ауданындағы «Жас дәурен» лагері жыл бойы жұмыс жасайды. Қалған тоғызы маусымдық лагерьлер болып табылады. 

– Біз лагерьге балаларды қабылдамас бұрын төтенше жағдайлар департаментінің өкілдерімен, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесе отырып олардың барлық талаптарға сәйкестігінің, алдын ала қабылдай алуға мүмкіндігі бар жоқтығын анықтап, үлкен мониторинг жүргіздік, – деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина. 

Бүгінгі таңда маусымдық қала сыртындағы тоғыз лагерьдің жетеуі толық талаптарға сәйкестігін алатын құжаттама алды. 

– Судың талаптарға сәйкестігі, жердің құнарлылығы, материалдық техникасының, педагогикалық құрамның жасақталуы тексеріледі. Қалған екі лагерь бұл – Ақтоғай және Аққулы ауданындарындағы лагерьлеріміз осы маусым айында рұқсатнама қағаздарын алады. Құжаттары тапсырылды. Бүгінгі күні зерттеу жұмыстары қаралып жатыр, – деп атап өтті ол. 

Әлеуметтік қолдау бағытында «Қазақстан халқына» қорынан «Жаздық жолдама-2025» жобасы аясында 595 ауылдық балаға жолдама сертификаттар табысталатын болады. Оның ішінде 300 бала Баянауыл ауданына Жас дәурен оқу сауықтыру орталығына, қалған 295 бала Ақмола облысындағы «Парус» оқу сауықтыру лагерінде демалады деп жоспарлануда. Балалар санын аудандардың өздерінің іріктеуімен басқармаға жібереді.