Павлодар облысының құрметті азаматтары «жасарады»
«Павлодар облысының (қаласының, ауданының) Құрметті азаматы» атағын беру ережелері өзгерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталмыш құжаттың ескі редакциясында атақ 70 жасқа толған және одан да жоғары жастағы жалпы еңбек өтілі 10 жылдан кем емес азаматтарға берілетін. Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әзілхан Әбеуов ережеге өзгерістер енгізуді ұсынды.
- Мұнда 70 жас алып тасталады да, 10 жылдың еңбек өтілі 20 жылмен ауыстырылады. Бұл өзгерістер облысымызға дамуына елеулі үлес қосқан қоғамдық-саяси, әлеуметтік өміріне белсенді араласқан жастарды ынталандыруға арналады, - деді ол.
Сонымен бірге Құрметті азамат атағын беру мерзімі де өзгермек. Салтанатты рәсім бұрын жылына бір рет Тәуелсіздік күнінде өтетін болған. Бұл күні Желтоқсан оқиғасында қаза болғандарды аза тұтуға байланысты, Құрметті азамат атағы Республика күніне, яғни 25 қазанда беріледі.
Облыстық мәслихат депутаттар аталмыш ұсынысты бірауыздар қолдады.
Фото: Константин Шелков