Алматыда Павлодар облысының туристік әлеуеті таныстырылды

«Атакент» Қазақстан іскерлік ынтымақтастық орталығы кешенінде KITF 2025 – отандық 23-ші қазақстандық халықаралық «Туризм және саяхат» көрмесі өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталған көрмеде Павлодар облысының туристік әлеуетін Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, сондай-ақ Торайғыров университетінің өкілдері таныстырды. Олар Павлодар қаласы мен Павлодар облысының көрікті жерлері, Баянауыл ұлттық паркінің туристік әлеуеті туралы ақпарт ұсынды.
– Көрмеге келушілер мен бизнес-серіктестер біздің облысқа белсенді қызығушылық танытты. Көрме барысында ұлттық паркіміздің әсем табиғаты, флора мен фаунасы және бастысы туристік мүмкіншіліктері таныстырылуда, – дейді Баянауыл мемлекеттік ұлттық саябағында.
KITF 2025 көрмесі (Kazakhstan International Tourism Fair) – Орталық Азиядағы туризм саласындағы жетекші іс-шаралардың бірі. Биылғы жылы көрмеге 25-тен астам елден 300-ден астам ұйым мен мемлекеттік органның өкілдері қатысады. Әртүрлі елдердің компаниялары өздерінің туристік өнімдері мен қызметтерін ұсынады, туроператорлардың, авиакомпаниялардың, қонақ үй желілерінің және MICE-туризммен байланысты ұйымдардың жұмысымен таныстырады. Көрмеде тұрақты туризмге, цифрлық технологияларға және Қазақстанның ішкі және сыртқы туризмін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
Көрменің іскерлік бағдарламасы аясында Қазақстанның халықаралық аренасында табиғаты бай, әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристердің мүдделерін білдіретін ел ретінде одан әрі ілгерілету жолдары қарастырылады.