Облыс әкімі Екібастұзда тұрғын үй құрылысын дамытуға көмектесуге уәде берді
Асайын Байхановқа екінші шағын аудандағы бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы таныстырылды. Мердігер – «Гидропром» ЖШС, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2024 жылы жеке инвестиция есебінен көпқабатты үш тұрғын үй салынуда. Үй кезегіне тұрған тұрғындардың 1200-і – Отбасы банктің салымшылары. Жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде 420 адам баспаналы болады. Төрт бөлмелі пәтерлердің ауданы – 79 шаршы метр, үш бөлмелі пәтерлер – 65 шаршы метр, екі бөлмелі – 60 шаршы метр, бір бөлмелі – 45 немесе 41 шаршы метр. Құрылыс биыл сәуір айында басталған, желтоқсан айында тапсыру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, жоспар бойынша тағы 13 үй салынады, оның төртеуі екінші шағын ауданда бой көтереді. Бірақ ол үшін қаражат керек. Екібастұздықтар облыс басшылығынан мәселені шешу үшін көмек сұрады.
– Үйдің бірінші және үшінші бөліктеріне, 20 пәтерге және екінші шағын аудандағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға облыстық бюджеттен қаражат бөлеміз, сатуды бастаңыздар. «Отбасы банкімен» мәселені шешкен кезде осындай түпкілікті бағамен сатып алуға дайын сатып алушылар бар екенін айтыңыз. Үйлерді салғаннан кейін тұрып қалмауы керек. 2018 жылғы қателіктер қайталанбасын, - деп ескертті Асайын Байханов.
Екінші шағын ауданда жоба бойынша бір бөлмелі 20 пәтер, екі бөлмелі 25 пәтер, үш бөлмелі он және төрт бөлмелі бес пәтер салу көзделген. Бұл несиелік тұрғын үй болады. Бір шаршы метрдің құны 346 мың теңгені құрайды.
– Бұл баға Екібастұз үшін тым қымбат, – деді аймақ басшысы. – Сіздер бюджеттік комиссияға жүгінген соң келіп отырмын. Бұл пәтерлерді қалай жүзеге асыратындығыңыз түсініксіз, өйткені сата алмасаңыздар, бізге тұрғын үйді облыстық бюджет есебінен толығымен субсидиялау қажет болады, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі бюджеттік комиссияға келіп түскен өтінімдер қолдау табатындығына – үйлердің құрылысына бір жарым миллиард теңге бөлінетініне сендірді. Алайда, екібастұздықтар жаңа үйлерде жайлы жағдайда өмір сүруі үшін тұрғын үйдің мерзімі мен сапасына ерекше назар аударуды талап етті.