Павлодар облысының әкімі Threads желісіндегі пікірталасқа қатысты

Павлодар облысының әкімі Threads желісіндегі пікірталасқа қатысты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Threads әлеуметтік желісінде Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен қызу пікірталас өрбіді. Оған желі қолданушыларының бірі қазақы тойлардың шамадан тыс шығынына алаңдап, мәселені заңмен реттеуді ұсынған.

Автордың айтуынша, бүгінде той өткізу көптеген отбасы үшін үлкен мәселеге айналған.

Ол тойлардың көбіне аптаның жұмыс күндері өтетінін, соның салдарынан адамдардың жұмыстан сұранып, табысынан қағылатынын жазған. Сонымен қатар, бірнеше сағатқа созылатын дастархан семіздікке, қан қысымының көтерілуіне, ұйқының бұзылуына әсер ететінін айтып, қазіргі тойларды даңғойлық пен мақтаншақтықтың көрінісі деп бағалаған. Оның пікірінше, мұндай ысырапшылдықты заңмен шектеу қажет.

Асайын Байханов бұл мәселенің бар екенін мойындағанымен, оны тек заң арқылы шешу мүмкін емес екенін айтты.

«Мәселе бар екені рас. Бірақ оны заңмен шешу екіталай. Мұнда қоғамның көзқарасы, отбасының таңдауы және экономикалық жағдай қатар әсер етеді. Заң белгілі бір шектеулерді ғана белгілей алады. Ал ысырапшылдықты азайтудың негізгі тетігі – қоғамдық мәдениет пен жеке жауапкершілік», – деп жазды өңір басшысы.

Кейін ол той шығындарының ауыртпалығы қоғамда жиі көтерілетін мәселе екенін атап өтті.

«Көп отбасы несие алып, әлеуметтік қысымның әсерінен шамадан тыс шығындалады», – деді әкім.

Пікірталасқа ондаған желі қолданушысы қосылды. Олардың басым бөлігі мәселенің шешімі заңда емес, адамдардың санасы мен тәрбиесінде екенін айтты.

Пікір білдірушілердің бірі әр отбасы тойды өз жағдайына қарай жасауы керектігін, ал мүмкіндік болмаса, екі жақ келісіп қарапайым құдалық өткізсе де болатынын жазды. Бұл пікірге Асайын Байханов «150%!» деп жауап берді.

Көп жылдан бері асабалықпен айналысып жүрген тағы бір қолданушы қазіргі тойлардың көрсетілімге айналып кеткенін айтты.

Оның сөзінше, қанша жерден мол дастархан жайылса да, мін іздейтіндер табылады. Сондықтан мәселе заңда емес, тәрбие мен адамгершілікте. Бұрын ата-бабаларымыз қарапайым дастархан жайып, бір қой сойып-ақ той жасаған, ал үлкен астарды ауқатты адамдар бүкіл ауылға арнап өткізген. Бұл пікірге өңір басшысы «Сол ғой» деп қысқа жауап қайтарды.

Сонымен бірге, кейбір желі қолданушылары мұндай мәселелерді әкімдікке бағыттаудың қажеті жоқ екенін айтты.

«Мұндай жағдайда әкім не істейді?» деген пікірлер де жазылды. Тағы бір қолданушы әкім қанша жерден кеңес берсе де, халықтың бәрі бірдей тойдан бас тарта қоймайтынын атап өтті.

Осылайша, Threads-тегі қарапайым пікірталас қазақ қоғамындағы той мәдениеті, несиеге той жасау, ысырапшылдық және жеке жауапкершілік мәселелері жөніндегі кең қоғамдық талқылауға ұласты.