Павлодар облыстық балалар ауруханасында жаңа төсектер мен заманауи жабдықтар пайдалануға берілді

Павлодар облыстық балалар ауруханасында жаңа төсектер мен заманауи жабдықтар пайдалануға берілді
Фото: Константин Шелков

Соматикалық және хирургиялық бөлімде төсек-орын 100 пайыз ауыстырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аурухана директоры Мүслім Солтановтың айтуынша, облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасының қолдауының арқасында медициналық жабдықтар сатып алуға 117 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген.

– Жүргізілген жұмыстардың негізгі мақсаты – медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру. Биыл ауруханаға арнайы медициналық жабдықтар, жұмсақ және қатты инвентарь сатып алынды. Бұл пациенттердің ем алу жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Мүслім Солтанов.

Атап айтқанда, травматология бөлімшесі үшін күйік алған науқастарды емдеуге арналған арнайы төсекке қажетті 25 келіден 18 контейнер керамикалық микросфералар және сүзгі-жаймалар сатып алынған. Бұл жабдықтар күйік шалған балаларды емдеу сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

– Денесінің көп бөлігін күйік шалған балалар арнайы күйікке қарсы төсекте ем қабылдайды. Мұндай жабдық емдеу процесінің тиімділігін арттырып, асқынулардың алдын алуға көмектеседі. Ауыр күйік алған балалар көп кездеспегенімен, мұндай пациенттер тұрақты түрде түсіп тұрады. Сондықтан арнайы жабдықтардың үздіксіз жұмыс істеуі маңызды болып қала береді, – деді Мүслім Солтанов.

Сонымен қатар инфекциялық стационарда барлық ескі матрастар заманауи үлгідегі матрастарға ауыстырылды. Жаңа матрастарды камералық өңдеуден өткізбей-ақ арнайы химиялық тәсілмен зарарсыздандыруға болады, бұл санитарлық талаптарды сақтауды жеңілдетеді.

Бұдан бөлек, ауруханаға жаңа жаймалар, жастықтар, жастық тыс¬тары және басқа да жұмсақ жабдықтар жеткізілген. Соматикалық және хирургиялық корпустар үшін ересектер мен балаларға арналған түрлі модификациядағы 260-қа жуық төсек сатып алынған.

Санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау мақсатында жаңа кір жуатын және кептіретін машиналар да алынған.

Аурухана басшысының айтуынша, материалдық-техникалық базаны жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады. Келесі жылы тумбалар, үстелдер, орындықтар секілді жабдықтарды жаңарту жоспарланып отыр.

Павлодар қаласының тұрғыны Әсемгүл Жұмашева екі жасар ұлымен бірге бірнеше күннен бері ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның айтуынша, медициналық мекемеде науқастарға жасалған жағдай көңілінен шыққан.

– Балам уланғаннан кейін қатты уайымдадым. Дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетіп, барлық қажетті ем-шараларды жүргізді. Медициналық қызметкерлер өте сыпайы, әрдайым келіп жағдайымызды сұрап, көмектесіп отырады. Палатадағы жағдай да жақсы. Төсектер мен матрастар өте ыңғайлы, бөлмелер таза әрі жарық. Бұған дейін балалармен ауруханада жатып көрмеген едім, сондықтан алғашында алаңдадым. Бірақ мұнда бәрі жақсы ұйымдастырылған екен, – дейді Әсемгүл Жұмашева.

Айта кетейік, қазіргі таңда Павлодар облыстық балалар ауруханасының соматикалық және хирургиялық бөлімшелерінде 162 бала, ал инфекциялық стационарда 133 бала ем қабылдап жатыр.