Павлодар отандық кино әлеміне жаңа әртістер сыйлауы мүмкін

Кастинг қазақ киносының күніне орайластырып өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңір тұрғындары республикалық деңгейде ұйымдастырылған «JARQYRA» кино кастингіне қатысты. Үміткерлер Чехов атындағы облыстық драма театрында өздері туралы видеовизиткалар түсіріп, арнайы сауалнамаларды толтырды.
– Сауалнамаларда біріншіден өздері жайлы базалық деректерді жазады. Кейін саладағы тәжірибелері туралы кішігірім мағлұмат берулері керек, – деді аймақтық ұйымдастырушы, Чехов атындағы облыстық драма театр басшысының міндетін атқарушы Юлия Захарчук
Спикердің айтуынша, бұл кастинг — болашақ кино жобаларға актерлер базасын қалыптастыруға бағытталған.
– Бұл – бір ғана кезеңнен тұратын кастинг. Барлық видео, анкеталар мен материалдар жиналған соң, ұйымдастырушыларға жіберіледі. Сол жерден режиссерлер өздеріне қажетті адамдарды таңдай алады, — деді театр басшысы.
Кастингке кез келген адам қатыса алды — кәсіби актерден бастап, театрға, киноға алғаш рет қадам басып жатқан жандарға дейін. Түр, жас, типаж маңызды емес. Басты назар — адамның актерлік қабілетінде, экран алдындағы еркіндігінде және өзін-өзі көрсете білуіне аударылды.
Облыстық драма театрының әртісі Анастасия Кулик те өз бағын сынап көруге тырысты.
– Өзіңді сынап көруге және көкжиекті кеңейтуге жақсы мүмкіндік. Оған қоса камералармен жұмыс жасау қабілеттерімді шыңдауға көмектеседі. Пробаларға қатысу – бұл да тәжірибе, – дейді әртіс.
Оның айтуынша, қорқыныш – қалыпты нәрсе, бірақ сол қорқыныштың өзі алға қадам жасауға түрткі болады. Сондықтан да ол барша жастарды белсенді болуға шақырды.
– Қайда бармасақ та, қорқыныш үнемі бойымызды билейді. Егер шын көңілмен әртіс болуды қаласаңыз, тырысып көруге болады. Ол үшін арнайы театр үйірмелеріне қатысуға болады, — дейді Анастасия Кулик.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін кастингке облыстық драма театрларының актерлері қатысып үлгерді.
Фото: Захар Шишко