Павлодар педагогикалық университетінде төрт елдің ғалымдары бас қосты

Павлодар педагогикалық университетінде төрт елдің ғалымдары бас қосты

Ол Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің тұңғыш ректоры Анатолий Катерининнің 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Көрнекті педагог, оқу орынның тұңғыш ректоры болған Анатолий Катерининнің 100 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға АҚШ, Пәкістан, Ресей және Қазақстанның жетекші ғалымдары, университет ректорлары, А.Катерининнің ұрпақтары қатысты.

Конференция «Педагогикалық білім берудегі көшбасшылық: теориялық және тәжірибелік аспектілер» тақырыбында өрбіді.
Шара Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаевтың алғы сөзімен ашылды.

- Сіздерді көрнекті ұстаз, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының бірінші ректоры Анатолий Семенович Катерининнің 100 жылдығына арналған «Педагогикалық білім беру жүйесіндегі көшбасшылық: теориялық және практикалық аспектілері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның ашылуымен құттықтаймын. Ертіс-Баян өңірінің қара шаңырағы, ұлағатты ұстаздар ордасы болған Марғұлан университетіне қош келдіңіздер! Өткен жылы Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті 60 жылдық мерейтойын атап өтті. Біздің университеттің құрылу, қалыптасу және даму тарихы Анатолий Семенович Катерининнің есімімен тығыз байланысты. Себебі ол осы оқу орынның негізін қалаушылардың бірі болып саналады, - деді Жанбол Октябрьұлы.

Содан кейін Сібір федералды университетінің кадрларды даярлау және үздіксіз білім берудің ақпараттық технологиялары кафедрасының меңгерушісі О.Г.Смолянинова, Каид-и Азам университетінің (Пакистан) Өсімдік шаруашылығы кафедрасының профессоры Шуджаул Мульк Хан, ағылшын тілінің оқытушысы (АҚШ), English Language Fellow бағдарламасының қатысушысы Гада Рахман сынды шетелдік ғалымдар баяндама жасап, өз зерттеулерінің нәтижелерін ұсынды және жинаған тәжірибелерімен бөлісті.

Жиын барысында көрнекті педагог жайлы жарық көрген В.Т.Кольевтің "Жизнь и судьба" кітабының лентасы кесіліп, оқырманға таныстырылды.