Павлодар облысының әкімі балаларға берген уәдесін орындады

Енді сегіз балалар үйінің жеке көліктері бар, деп хабарлайды @Pavlodearnews.kz тілшісі.
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Асайын Байханов отбасылық үлгідегі балалар үйлері мен балаларды қолдау орталықтарына сегіз жаңа «ГАЗель» автокөлігінің кілтін табыс етті.
Жаңа техника білім беру ұйымдарының көлік паркін жаңарту бағдарламасы аясында алынды. «ГАЗельдер» балаларды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік пен ыңғайлылықтың барлық талаптарына сәйкес келеді.
– Облыс басшысының қолынан жаңа көліктердің кілтін алғанымызға алғысымыз шексіз. Мұның барлығы балалардың игілігі үшін, олардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқанына сенімдіміз. Балаларымыздың бақытты балалық шағы үшін барлық жағдайды жасап жатқанына алғысымызды білдіреміз, – дейді «Үміт» балаларды қолдау орталығының басшысы Нағима Әбдірахманова.
Облыстық балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі Данель Кирееваның айтуынша, жаңа көлік балалардың күнделікті өмірді жеңілдететін болды.
– Орындалған уәде –сыйға тартылған «ГАЗель» үшін бүкіл орталықтың атынан алғыс айтамын. Мемлекеттің біз туралы ойлайтынына, бізге қамқор болғанына қуаныштымыз. Енді бізге үйірмелерге, іс-шараларға бару ыңғайлы болады, – дейді Данель Киреева.
Аймақ басшысы жаңа көліктер оқушылардың күнделікті өмірінде – оқу, мәдени іс-шараларға бару, медициналық мекемелерге бару, сондай-ақ бос уақытын ұйымдастыру үшін сенімді көмекші болатынын атап өтті.
– Мемлекеттің түрлі санаттағы балалардың тұрмысына қамқорлық көрсетіп отырғанын, ешкімнің назардан тыс қалмайтынын көрсету үшін біз сіздерге жаңа көліктерді табыстадық, – деп қосты облыс әкімі.
Асайын Байханов барша бүлдіршіндерді келе жатқан мерекемен құттықтап, зор денсаулық, алға қойған мақсаттарына жетулерін тіледі.
Фото: автор