Павлодар прокуроры Нұрлан Мәсімовті 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Павлодар прокуроры Нұрлан Мәсімовті 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Павлодар облыстық ішкі істер департаментінің бұрынғы басшысы Нұрлан Мәсімов, оның орынбасары Дамир Сиразидимов және кәсіпкер Евгений Евковичке қатысты сот процесі жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жарыссөз барысында мемлекеттік айыптаушы соттан кінәлілерді айыпты деп танып, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

- Соттан Нұрлан Мәсімовті Алакөл ауданындағы екі қабатты саяжайы мен моншаны және пара ретінде алған 16 миллион теңгені тәркілеп, мемлекеттік қызметте, соттарда және қаржы ұйымдарында өмір бойына қызмет атқару құқығынан айырумен бірге 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Дамир Сиразидимовке 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауыңызды сұраймын. Ал Евкович Евгений Владимирович 5 жылға бас бостандығынан айырылсын, - деп оқыды прокурор Азамат Ғарифолла.

Сондай-ақ, мемлекеттік айыптаушы соттан Мәсімовті полиция генерал-майоры арнаулы атағы мен мемлекеттік награда - екінші дәрежелі «Айбын» орденімен, Сиразидимовты полиция полковнигі арнайы атағынан айыруды сұрады.

Бұдан бөлек, прокурор полиция бөлімінің жалпы сомасы 421,6 млн теңге залал өндіру туралы азаматтық талап арызын ішінара қанағаттандырып, оны сотталушылардан ынтымақпен өндіруді сұрады.