Павлодар теміржол вокзалында жөндеу жұмыстары наурызда аяқталады
Бүгінгі таңда жұмыстардың 80% орындалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 2023 жылдың тамыз айынан бастап демеушілік қаражат есебінен теміржол вокзалы ғимаратына 1,3 млрд теңге сомасына күрделі жөндеу басталды. Тапсырыс беруші – облыс әкімдігінің коммуналдық кәсіпорны болып табылатын «Павлодар Вокзалсервис» ЖШС.
– Күрделі жөндеу аясында қасбетті, сыртқы есіктерді жаңарту және кіреберісті кеңейту, терезелерді ауыстыру және витраждарды орнату, коммуникациялардың ішкі инженерлік желілерінің жүйелері мен жабдықтарын ауыстыру, екі жолаушы лифтін орнату, желдету жүйесін жаңғырту, кассалық бөлімшені, күту аймағын, фуд-корт және балалар аймағын жаңарту жоспарланған, – дейді басқармада.
Перрондағы асфальт қабатына кеспетастарды төсеу бойынша жұмыстар аяқталды, сондай-ақ ғимараттың алдыңғы жағындағы төсемдерді ауыстыру және витраждардың астына армобелбеу төсеу, жылыту жүйесін монтаждау және нөсер жүйелерін монтаждау, бірінші қабаттағы ерлер бөлігіндегі қоғамдық дәретханаға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ғимараттың барлық периметрі бойынша 10 секция көлемінде шамдар орнатылды.
Ғимараттың алдыңғы бөлігінің 10 бағанында қасбет ауыстырылды. Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары 80% орындалды. Ендігі кезекте фарфор плиталарын орнату бойынша еденді ауыстыру, әкімшілік-тұрмыстық үй-жайларды, оның ішінде жол жүру билеттерін сататын кассаларды және анықтамалық бюроны жөндеу, желдету жүйесін жаңғырту, ғимараттың қасбетін талшықты цемент панельдерімен қаптау жұмыстары қалды. Сондай-ақ ғимараттың кіреберісінде алюминий витраждары мен есіктері ауыстырылады.
Жүк-жолаушылар лифтілерін орнату бойынша дайындық жұмыстары басталды, шұңқыр мен бетон плитасы құйылды. Лифт жабдықтары жеткізілді. Бірінші және екінші қабатта фойедегі қабырғаларды ламинатталған гипсокартонмен қаптау, екінші қабатты фойеде төбе қабатын орнату, бірінші қабаттағы әйелдер дәретханасын жөндеу, ішкі алюминий витраждар мен есіктерді орнату жұмыстары қалды.
Жөндеуді 2024 жылғы 13 наурызда аяқтау жоспарланып отыр, жұмыстар кесте бойынша жүргізілуде.
Еске сала кетейік, ғимарат соңғы 20 жылда жөндеуден өтпеген. Теміржол вокзалын Павлодар қаласының 4000-нан астам тұрғыны мен қонақтары күн сайын пайдаланады.