Павлодар теміржолшылары заманауи мотовоздарға ие болды

Павлодар теміржолшылары заманауи мотовоздарға ие болды
Фото: railways.kz

Жаңа техника жұмыс бригадалары мен қажетті материалдарды тасымалдауға, сондай-ақ күрделі жол жұмыстарын атқаруға арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ – «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының жол шаруашылығы паркі заманауи төрт МПТ-6 тиеу-тасымалдау мотовоздарымен толықтырылды. 

Бұл техниканың екі бірлігі 10 адамды, ал қалған екеуі 22 адамды тасымалдауға қабілетті. Жаңа мотовоздар жұмыс бригадаларын нысандарға жеткізуге, жолдың жоғарғы құрылымының материалдарын тасымалдауға, сондай-ақ қажетті дәнекерлеу жұмыстарын орындауға арналған, – деді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Мамандар атап өткендей, MPT-6 мотовоздары заманауи басқару пульттерімен, тартқыш қозғалтқыштардың электр жетектерімен, сондай-ақ жарықдиодты жарықтандыру және дабыл жүйелерімен жабдықталған. Мұндай техникалық мүмкіндіктер жұмыс тиімділігін, соның ішінде тәуліктің қараңғы уақытында қозғалыс қауіпсіздігі деңгейін айтарлықтай арттырады.

Жаңа техника Павлодармен қатар Ақтөбе, Қарағанды және Қостанай магистральдық желі бөлімшелеріне де жөнелтілді. 

Жол техникасы паркін жаңарту – инфрақұрылымның сенімділігін арттырудың және магистральдық желінің қауіпсіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз етудің маңызды элементі.