Павлодар жағалауындағы ағылшын жұбының серуені жұртты сүйсінтті

Павлодар жағалауындағы ағылшын жұбының серуені жұртты сүйсінтті
Фото: Threads

Әлемді аралап жүрген Англиядан келген 73 жастағы ерлі-зайыптының Ертіс жағалауындағы серуені желі пайдаланушыларының назарын аударды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Талқылаудың басты кейіпкерлері – күн сайын Ертіс жағалауымен асықпай серуендеп, күннің батуын тамашалап, жергілікті тұрғындармен ықыластана әңгімелесетін ағылшындық туристер.

Желіде жарияланған суреттерде олар таңертең де, кешкісін де жағалау бойымен серуендеп, қаланың көркі мен ерекше атмосферасына сүйсініп жүргені көрінеді.

"Павлодар жағалауы – Қазақстандағы ең үздік жағалау. Екеуі де 73 жаста, әлемді бірге аралап жүр. Қазақстанда Алматы, Өскемен, Семей және Курчатов қалаларында болған. Олармен әңгімелесу өте әсерлі болды. Өмірге деген көзқарастары мен оқиғалары ерекше шабыт сыйлайды", – деп жазды жазба авторларының бірі.

Белгілі болғандай, туристерді қаланың басқа тұрғындары да байқап үлгерген.

"Біз де оларды сіздің жазбаңыздан кейін көрдік. Бірақ суретті мен емес, жолдасым түсірді. Мен оған жарияланымды жіберген едім, арада екі сағат өткенде ол жағалауда осы жұпты кездестіріп, суретін жолдады", – деп бөлісті павлодарлық әйелдердің бірі.

Пікірлерде көпшілік ерлі-зайыптылардың жолыққан адамдармен қуана танысып, суретке түсуден бас тартпайтынын жазған. Шетелдік қонақтардың қарапайым серуені көпшілікке жылы көңіл сыйлап, Павлодарды алғаш көрген адамдардың көзімен қаланың сұлулығына тағы бір мәрте назар аудартты.

Орталық жағалау көп жылдан бері павлодарлықтар мен қала қонақтарының да сүйікті демалыс орындарының біріне айналған. 

Бұл орынның көркін мамандар да жоғары бағалаған. «Үздік жағажай» ұлттық бағдарламасының қорытындысы бойынша өткен жылы Павлодардың орталық жағажайы Қазақстандағы ең үздік үш жағажайдың қатарына енді. Сарапшылар қауіпсіздік, тазалық, инфрақұрылым, демалушыларға қолайлылық және экологиялық бастамаларды бағалап, Павлодар жағажайына мүмкін болған 170 ұпайдың 145-ін берген. Ол тек Бурабай мен Қонаев жағажайларына ғана жол берді.

Қала қонақтарының ерекше қызығушылығын кең серуендеу аймағы мен заманауи тегін жағажайдың үйлесімі тудырады. Мұнда жайлы демалысқа қажетті барлық жағдай жасалған: суға түсетін ыңғайлы орындар, киім ауыстыратын кабиналар, душ бөлмелері, спорт алаңдары, демалыс аймақтары және абаттандырылған аумақ бар.

Бірнеше күн бұрын дәл осы жерде Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Instagram-дағы тікелей эфир кезінде Ертіске шомылып, абаттандырылған жағажайды көрсетті. Сонымен қатар, өзен суының таза екенін өтті.