Павлодар жолдарындағы бақылау қатаңдады

Павлодар жолдарындағы бақылау қатаңдады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңір полицейлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жасанды интеллект пен автоматтандырылған жүйелердің көмегіне жүгінуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, енді тәртіп сақшыларына ZEREK-2, «Кибер-Шериф» және EkinPatrol сияғы заманауи кешендермен жабдықталған арнайы көліктер көмектеседі.

– Биыл облыс аумағында жол қозғалысының ахуалы күрделі болып қалып отыр: 1040 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 73 адам қаза тапты, ал 1,5 мыңға жуық тұрғын түрлі жарақат алды. Осындай қайғылы статистиканың алдын алу үшін полиция департаменті бақылаудың ең озық әдістерін іске қосты, – делінген хабарламада.

Облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Берік Истаевтың айтуынша, бұл кешендер адам факторынсыз-ақ ереже бұзушыларды қас қағым сәтте анықтайды. Автоматты жүйелер тек жылдамдықты асырғандарды емес, сонымен қатар қарсы қозғалыс жолағына шығу, жол белгілері мен таңбаларын елемеу сияқты қауіпті әрекеттерді де тіркейді.

Цифрлық күзетшілердің тиімділігі іс жүзінде дәлелденді: жыл басынан бері автоматтандырылған патрульдеу нәтижесінде жылдамдықты шамадан тыс асырудың 123 мыңнан астам дерегі анықталды.

Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін  қатаң сақтауға  шақырады.