Павлодар әкімдігі Катаев көшесіндегі жол дауына қатысты пікір білдірді
Қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі Катаев көшесіндегі жолды жөндеумен айналысқан мердігерді жауапсыз деп тануға қатысты сотқа берген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталған бөлімнің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта 2022 жылғы 20 шілдедегі №124 келісімшартқа сәйкес, «Partners Realty» ЖШС-ін Катаев көшесін 304 млн теңгеге жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алудың жауапсыз қатысушысы деп тану туралы сот ісі жүргізілуде.
- Сот органдарына жүгінуге Катаев көшесінің жол төсемін жөндеу бойынша шарттық міндеттемелердің орындалу мерзімінде де, сапасында да сәйкессіздік анықталған мониторинг нәтижелері негіз болды. Бөлімнің, сондай-ақ облыс орталығы тұрғындарының өздерінің Катаев көшесін жөндеуге қатысты шағымдары жергілікті, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде бірнеше рет жарияланды, - деді бөлімде.
Бірінші сатыдағы сотта дәлел ретінде «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК-ның жұмыстарды өндіру мен материалдарды (асфальтты) пайдалану технологиясында ереже бұзушылықтар және техникалық талаптарды бұзудың көптеген фактілерін анықтаған ресми қорытындысы ұсынылған.
Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қалалық ТҮКШ бөлімінің арызын қанағаттандырған. Соттың шешімімен «Partners Realty» ЖШС мемлекеттік сатып алудың жауапсыз қатысушысы деп танылған.
- Алайда, 7 сәуірде «Partners Realty» ЖШС бірінші сатыдағы соттың шешіміне апелляциялық шағым түсірген, сот алқасының отырысы әлі тағайындалған жоқ, - деді бөлімде.
Айта кетейік, бұған дейін БАҚ құралдарында «Partners Realty» ЖШС адвокаты сот ісінің жүруіне байланысты бірқатар лауазымды тұлғаларды уақытша тұтқындау туралы пікір білдіргені жарияланған болатын.
Қалалық ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі болса, мердігерді жауапсыз деп тану Павлодар қаласы әкімдігінің ресми ұстанымы болып табылатынын, ол шешім кез келген шенеуніктің жеке пікірімен байланысты болуы мүмкін емес екенін хабарлады.
Осыған байланысты, жауапкер өкілінің нақты лауазымды тұлғаларға қатысты негізсіз және дәлелсіз айыптауларды таратуына жол беруге болмайды деп санаймыз. Бұл мәлімдемелерге тиісті құқықтық баға беріледі деп күтеміз.
- Біз бұл даудың екі тараптың азаматтық-құқықтық қатынастары деңгейінде екендігіне және қоғамдық пікірді бұрмалауға және осылайша жанжалдың нәтижесіне және оны бағалауға әсер ету әрекеттерінсіз сот тәртібімен шешілуі тиіс екеніне сенімдіміз, - деді бөлімде.
Еске салайық, 2022 жылы Павлодар қаласындағы Катаев көшесінің жолын жөндеу жұмыстарын «Partners Realty» ЖШС жүргізген болатын.
Фото: Константин Шелков