Павлодар әскери бөлімдерінде жазғы оқу кезеңі басталды

Жазғы оқу кезеңінің басталуына орай ұландықтар сап түзеп, мемлекеттік рәміздер құрметіне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 және 6679 әскери бөлімдерде жазғы оқу кезеңі ресми түрде басталды. Әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, жауынгерлік ту көтерілді.
Маусымның алғашқы күнінде өткен іс-шара барысында жеке құрам өткен оқу жылына қысқаша шолу жасап, жаңа маусымдағы мақсат-міндеттерін айқындады. Ұландық жауынгерлерді саптық алаңда тәжірибелік сабақтар мен қару-жарақты дұрыс қолдану, әскери техниканы пайдалану және қауіпсіздік талаптарын сақтау жөніндегі дәрістер күтіп тұр.
— Жаңа оқу кезеңінің әр күні – жауынгер үшін кәсіби дамудың бір сатысы. Биылғы маусымда жауынгерлердің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі рөлі ерекше болмақ, — деді алғашқы сабақты ашқан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары, полковник Виктор Мухатаев.
Жазғы оқу кезеңі – тек қару қолдану машығын жетілдіру емес, сондай-ақ тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жауапкершілікті терең сезінуге бағытталған кезең. Жаңа маусымда әскери қызметшілерге жүктелетін міндеттер айқын, ал дайындық – барынша жүйелі. Ұлттық ұлан жауынгерлері ел тыныштығын күзету жолында тағы бір маңызды оқу кезеңіне қадам басты.