Павлодардағы Бірлік күні: мәдени құндылықтар қала тұрғындарын қалай біріктіреді
1 мамыр мерекесі қарсаңында ол күннің тарихы мен маңызын еске алған жөн, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс-Баян өңірі тарихи тұрғыдан көпұлтты аймақ болып қалыптасқан. Бұл жерде әртүрлі кезеңдерде қоныс аударған халықтар бірге өмір сүріп, ортақ қоғам құрған. Соның ішінде депортация жылдары мен тың игеру кезеңі халықтардың бір-бірімен жақындасуына әсер етті.
Торайғыров университетінің қауымдастырылған профессоры Аслан Әзербаевтың айтуынша, бірлік идеясы терең тарихи негізге ие.
– Халықтар бірлігі – жалпыадамзаттық құндылық. Әл-Фарабиден бастап Олжас Сүлейменовке дейінгі ойшылдар адамзаттың бірлігін айтқан, – деді ол.
Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл бағыт мемлекеттік деңгейде дамыды. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, елдегі этностар арасындағы татулықты нығайтуға жол ашты. 2003 жылы Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтті. Бүгінде бұл жүйе Қазақстанның этносаралық келісім үлгісі ретінде танылған.
Қала тұрғындары үшін бірлік – тек сөз емес, күнделікті өмірдің бір бөлігі. Ол адамдардың араласуынан, дәстүрлердің бірігуінен көрінеді.
Ингуш этномәдени бірлестігінің өкілі Лейла Ясминова көпұлтты ортада барлық мерекелер бірге тойланатынын айтады.
– Біз Наурызды да, Рамазанды да, Пасханы да, Масленицаны да бірге атап өтеміз. Достарымыз әртүрлі ұлттан, – деді ол.
Оның айтуынша, үйде өз ана тілінде сөйлессе де, қоғамда орыс тілі кең қолданылады. Ал бір дастархан басында әртүрлі ұлттың тағамдары қатар тұрады: бешбармақ, плов, борщ, корей салаттары.
Қазақ-татар аралас отбасынан шыққан Тоғжан Мұнайдар үшін де бірлік – өзара құрмет.
– Біз әртүрлі мерекелерді бірге өткіземіз. Пасха кезінде өзім кулич пісіріп, жұмыртқа бояймын, – дейді ол.
Ол шаһарда адамдардың тілдерді араластырып сөйлейтінін де айтады: бір сөйлемде қазақша да, орысша да сөздер қолданылады, бірақ бәрі бірін-бірі түсінеді.
Мамандардың айтуынша, мәдени алмасу тек тілде емес, тұрмыста да байқалады. Мысалы, кейбір орыс достары қазақтың ұлттық тағамы – бешбармақты жиі дайындайды.
Еске сала кетейік, қалада Бірлік күні жыл сайын аталып өтеді. 2025 жылы қала мен ауылдық жерлерде концерттер мен спорттық шаралар ұйымдастырылып, «Ertis Promenade» алаңында этномәдени бірлестіктердің қатысуымен мерекелік шеру өтті.