Павлодардағы сауда орталығында адамдарды эвакуациялау пысықталды
«Orange» сауда-ойын-сауық орталығында өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жаттығуға сауда орталығының қызметкерлері мен өртке қарсы қызмет бөлімшелері қатысты.

Сценарий бойынша супермаркет аумағында шартты өрт шыққан. Хабарлама түскеннен кейін нысан әкімшілігі келушілер мен қызметкерлерді эвакуациялады.

Өрт сөндіру бөлімшелері ғимаратта барлау жүргізіп, жалынның ықтимал таралу бағыттарын анықтады. Қауіпті аймақта қалған адамдарды іздеу жұмыстары да жүргізілді.

– Іздеу-құтқару жұмыстарының нәтижесінде шартты зардап шеккендер анықталып, қауіпсіз жерге шығарылды. Эвакуацияланған азаматтардың барлығы ғимараттан қауіпсіз аймаққа шығарылды, – деп хабарлады Павлодар облысы ТЖД.
Оқу-жаттығудың тағы бір міндеті – төтенше жағдай кезінде сауда орталығының әкімшілігі мен арнайы қызметтердің өзара іс-қимылын тексеру болды.

Ведомствоның мәліметінше, мұндай жаттығулар персоналдың дайындығын бағалауға және құтқару дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді. Олар адам көп жиналатын нысандарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде өткізіледі.