Павлодардағы саяжай кооперативтері мемлекеттік қолдаудың әлсіздігіне шағымданды
Әсіресе, инфрақұрылымның тозуы, заңнамалық түйткілдер және мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі сөз болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысындағы саяжай кооперативтері инфрақұрылымның тозуын айтып, заңнамалық түйткілдер және мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігіне наразылық танытты.
Мәселен, Кенжекөл ауылы маңындағы «Металлург», «Южный» және «Яблонька» кооперативтерінің тұрғындары 2024–2026 жылдарға арналған мемлекеттік жол картасының іс жүзінде баяу орындалып жатқанын айтады.
Кооператив өкілдерінің сөзінше, саяжай аумақтарында жол жөндеу, электр және су желілерін жаңарту, бейнебақылау орнату секілді жұмыстар жоспарланғанымен, қаржыландыру тапшылығы салдарынан нақты нәтиже байқалмайды. Әсіресе, қаладан шалғай орналасқан бау-бақша аймақтарының мәселесіне жергілікті билік тарапынан жеткілікті назар аударылмай отыр.
«Южный» кооперативінің төрағасы Сергей Бондарь қазіргі тұтыну кооперативі мәртебесі көптеген әкімшілік және құқықтық қиындық туғызып отырғанын айтты. Оның айтуынша, жер телімдерін заңсыз рәсімдеу жағдайлары кездесіп, меншікке қатысты бақылау әлсіреген.
Ал «Яблонька» кооперативінің төрайымы Гүлнар Жақыпова жолдардың нашарлығы мен қоғамдық көлік мәселесін көтерді. Тұрғындардың айтуынша, мыңдаған бағбан саяжайға жаяу қатынауға мәжбүр. Сонымен қатар, көпірлер мен жолдардың иесіз қалып, жөндеу жұмыстарына нақты жауаптылар анықталмаған.
Электр желілерінің де жағдайы алаңдатарлық. Көптеген тұрғындар желілерді өз күшімен тартқандықтан, қауіпсіздік талаптары сақталмай, қысқа тұйықталу қаупі күшейген.
«Металлург» кооперативінің төрағасы Илья Фёдоров су тарифіндегі айырмашылыққа назар аударды. Оның айтуынша, олардың кооперативі судың текше метріне 39 теңге төлесе, басқа серіктестіктер небәрі 6 теңгеден төлейді. Бұл маусымдық шығындарды бірнеше есе арттырып отыр.
Саяжай тұрғындары бау-бақша аймақтарын тек демалыс орны емес, қаланың экологиялық қауіпсіздігі мен азық-түлік тұрақтылығына үлес қосатын маңызды аумақ деп есептейді. Сондықтан олар мемлекеттен нақты инфрақұрылымдық қолдау мен заңнамалық реттеуді күшейтуді сұрап отыр.