Павлодардағы түрмеде сотталушы өзін-өзі жарақаттады
Оқиға одан тыйым салынған затты алып қою кезінде орын алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті мәлім етті.
Мәлімдеме бойынша ҚР ІІМ ҚАЖК-нің №46 мекемесінде (ең жоғары қауіпсіздіктегі) сотталғандардың бірі одан тыйым салынған заттарды алып қоюға байланысты өзін жарақаттаған.
– Тұтқынға дереу жедел жәрдем шақырылып, алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, Павлодар қалалық ПБ Солтүстік бөлімінің жедел-тергеу тобы шақырылды. Аталған факт ҚАЖ комитетінде тіркелген, – деді департаментте.
Сотталған азамат Павлодар қаласындағы ауруханалардың біріне жеткізілді, сол жерден хирург қарап шыққан. Кейін ауруханаға жатқызудан бас тартуына байланысты колонияға қайтарылды.
Департаменттің хабарлауынша, 1991 жылы туған сотталушы ұрлық жасағаны үшін жазасын өтеп жатыр. Бұған дейін ол осыған ұқсас қылмысы үшін төрт рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Рецидиві бар.
Фото: ашық дереккөздерден