Павлодарда қарапайым қарындаштың құдіретін көрсеткен суретшінің көрмесі ашылды

Туындыларды дайындау барысында автордың қателік жіберуге мүмкіндігі болмады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Павлодар қаласының тумасы Евгений Шалагин бала кезінен сурет салуға әуес болған. Қаламыздың көркемсурет мектебін аяқтаған соң, әйгілі суретші Фогельзангтің шеберханасында бір жыл тәжірибе жинап, кейін Томск қаласындағы политехникалық училищеде білім алған. Оқуды тәмамдаған соң елге оралып, шығармашылықпен айналыса бастайды.
Облыстық көркемсурет музейінде ашылған автордың көрмесінде 60-қа жуық туынды көрермен назарына ұсынылды. Олардың арасында Павлодардың көшелері мен қиылыстары, сондай-ақ, суретші сапар шеккен қалалардың пейзаждары да бар.
– Бүгінгі көрмеге мен үшін ерекше орындардың бейнесін әкелдім. Адамдар көп жүретін орталық көшелерден гөрі, көзге түсе бермейтін тыныш бұрыштарды жақсы көремін, – дейді Евгений Шалагин.
Барлық туындылар тек қарапайым қарындашпен орындалған. Қарындаштың түрлі қаттылығы мен жұмсақтығын шебер пайдалану арқылы суретші жарық пен көлеңке контрастын шынайы жеткізген.
– Осы жанрмен бірнеше жылдан бері айналысып келемін. Қарындашпен жұмыс істеу өзіме өте ұнайды. Бұл әдіс мені белгілі бір орынға байлап қоймайды – кез келген жерде сурет сала аламын, – дейді автор.
Сурет салу үдерісі көбіне шабытқа байланысты. Кейбір туындыларын бір апта бойы салса, кейбірін бір күнде аяқтайтын кездері де болады.
Көрме кураторы Ольга Пашконың айтуынша, Евгенийдің шығармашылығы үнемі даму үстінде.
– Алғашқы жұмыстарында көбіне ағаштар, қар басқан жол жиегі немесе құрылыс алаңдары бейнеленетін. Қазір біз ғимараттардың ерекше көріністері мен ұсақ детальдарға дейін байқап отырмыз. Автор бірте-бірте ішкі әлемін көрерменге аша бастады, – дейді куратор.
Сондай-ақ мұражай қызметкерінің сөзінше ғимараттарды суреттеуді оның техникалық білімі қатты көмектесті.
– Техникалық дайындықтың арқасында ол ғимараттарды ерекше көреді. Кейбір туындыларында тіпті ғимараттар адам секілді би билеп тұрғандай әсер қалдырады. Бұл – техникалық білім мен көркемдік қабілеттің үйлесімі, – дейді Ольга Пашко.
Куратордың сөзінше, бұндай жанрда жұмыс жасау өте күрделі. Әдетте суретшілер қарандашты нобайлар үшін қолданса, автор болса оны негізгі құрал ретінде қолданады.
– Мұнда қателікке жол жоқ. Өшіргіш қолдану суретті бүлдіріп жіберуі мүмкін. Бірақ автор қарындашты кәсіби түрде пайдалана отырып, әр туындыға терең реңк бере алған, – деп түйіндеді куратор.
Айта кетейік, 2023 жылы Евгений Шалагиннің жұмыстары С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың «Айна» галереясында ұсынылды. 2024 жылы ол Н.Нұрмахаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде алғашқы авторлық көрмесін өткізсе, биыл мамыр айында Алматыда өз туындыларын ұсынды. Мегаполистен оралған соң, туған қаласында жеке көрме ұйымдастырды.
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті және автор