Павлодарда қауіпті өндірістік объектілерде міндетті өндірістік бақылау қызметі енгізіледі
Осыған орай өңірдегі кәсіпорындарға жаңа өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары түсіндірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасында өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелеріне арналған кеңес өтті. Оны «Атамекен» ӨКП директорының орынбасары Мұрат Мұсатаев ашты.
Кеңес барысында төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мақсат Жұмабеков өндірістік бақылау қызметінің лауазымды тұлғаларына штаттық нормативті түсіндіріп өтті. 2025 жылғы қазанда бекітілген нормативке сәйкес, өндірістік бақылау қызметі ұйым басшысына тікелей бағынатын дербес құрылымдық бөлімше болып табылады. Ол қауіпті өндірістік объектідегі өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының орындалуын қадағалайды.
– Жаңа жылдан бастап қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын барлық ұйымдар үшін өндірістік бақылау қызметі болуы міндетті. Бұл қызмет департамент немесе басқарма емес – нақты өндірістік бақылау қызметі деп аталып, бірінші басшыға бағынуы қажет. Барлық өзгерістер енгізілді, дегенмен кәсіпкерлерден әлі де сұрақтар түсіп жатыр, – деді Мақсат Жұмабеков.
Оның айтуынша, егер ұйымдарда тәуекел дәрежесіне және тозу үлесіне қарамастан 51 бірліктен кем қауіпті техникалық құрылғы болса, инженерлік-техникалық қызметкерлер қатарынан өндірістік бақылау қызметінің бір лауазымды тұлғасы қамтамасыз етілуі тиіс. Ал кәсіпорында 51-ден 500-ге дейін қауіпті техникалық құрылғы пайдаланылса, ӨБҚ құрамында екі лауазымды тұлға болуы тиіс.
Кеңес барысында кәсіпорын өкілдеріне нормативтің бірқатар ережелері туралы егжей-тегжейлі түсіндіріліп, кәсіпкерлер тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берілді.