Павлодарда Қайырбаевтың «Қызыл Жұлдыз» ордені тағылған әскери киімі көрсетілді

Махмет Қайырбаевтың 100 жылдық мерейтойы аталып өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Достық үйінде» Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай «Павлодарлықтардың Ұлы Жеңіске қосқан үлесі: Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаевтың жауынгерлік жолы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Жиынға облыс әкімі Асайын Байханов, орынбасары Айгүл Мәлікова, батырдың ұлы Мұрат Қайырбаев және ғалымдар, Қазақстанның жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, тарихпәнінің мұғалімдері, өлкетанушылар, музей, архив және кітапхана ісінің мамандары қатысты.
– Ұлы Жеңіс барлық адамдардың жадында сақталады. Батырларымызды ұлықтау – біздің басты парызымыз. Махмет Қайырбаев атамыз – халқына адал қызмет еткен алып тұлға. Отанға деген сүйіспеншілігі – баға жетпес қазына, – деді Асайын Байханов.
Аймақ басшысы батырдың жары Сәбира Әмірқызына арналған сый-сыяпатын ұлына табыстады. Сонымен қатар, батырдың 100 жылдығына арналған «Еңселі ерлер ерлігі» атты облыстық эссе конкурсының жеңімпаздарын марапаттады.
– Әкемнің Ұлы Отан соғысынан бастап бейбіт өмірге дейінгі жолын құрметтеп, еске алу – ол кісінің есімін мәңгілік есте қалатындығының дәлелі, – деді батырдың ұлы Мұрат Қайырбаев.
Батырдың Ұлы Отан соғысынан бастап бейбіт өмірге дейінгі жолын сипаттайтын фактілері болған құжаттар мен заттары қонақтардың назарына ұсынылды.
– Бүгін батырдың қолданған ағаштан жасалған жазбаша кітапшасы мен өзінің киген полковник лауазымдағы кимін және басқа заттарын көрмеге қойдық, – дейді экскурсиялық көпшілік жұмыс бөлімінің жетекшісі Мирас Сағындық.
Шараны облыстық мәдениет тілдерді дамыту, және архив ісі басқармасы жәнеГ.Н. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырды.
Еске сала кетейік, «Достық үйінде» Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнінің 80 жылдығына орай және Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаевтың 100 жылдығына арналған «Өмірі мен өшпес ерлігі» атты іс-шарада Мұрат Қайырбаев жазған үшінші кітаптың тұсауы кесілген болатын.