Павлодарда «Қаз қонақ» ескерткішіне арналған көрме өтті

Павлодарда «Қаз қонақ» ескерткішіне арналған көрме өтті
Фото: Константин Шелков

Маңызды мәдени іс-шара Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі көрме залында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Көрме «Қаз қонақ» ескерткішінің 55 жыл бұрын палеонтологиялық нысан ретінде республикалық деңгейде мойындалуына арналды. Бұл тарихи шешім 1971 жылы қабылданып, сол уақыттан бері нысан мемлекет қорғауындағы бірегей табиғи мұра ретінде сақталып келеді.

Экспозицияда миллиондаған жыл бұрын қазіргі Павлодар өңірін мекендеген ежелгі жануарлардың сүйек қалдықтары, фотоматериалдар және ғылыми реконструкциялар ұсынылды. Келушілер ежелгі мүйізтұмсықтар, жирафтар, гиппариондар (үш тұяқты жылқылар), мастодонттар мен ежелгі пілдердің бейнелерімен танысты. Әсіресе мастодонттың тісі мен ірі сүйек фрагменттері келушілердің ерекше назарын аударды.

Марғұлан университетінің профессоры, мәдениеттану ғылымдарының кандидаты Валентина Алиясова көрме барысында ескерткіштің ғылыми маңызына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі зерттеулерде жаңа жануар түрлері табылмағанымен, бұрын анықталған 60-тан астам түр толықтай қайта-қайта расталып отыр. Бұл – ескерткіштің ғылыми деректерінің тұрақтылығын көрсетеді.

Сонымен қатар ол ең күрделі мәселе ретінде сүйекке бай қабаттар нақты құрылымының әлі толық анықталмағанын атап өтті. Ғалымның айтуынша, олар өзен бойымен созылған ұзын «лента» түрінде болуы да мүмкін, немесе белгілі бір аймақта шоғырланған табиғи «қазаншұңқыр» болуы ықтимал. Осы себепті толыққанды шурфтық зерттеулер жүргізілмегендіктен, жаңа ашылулар әлі де мүмкін.

– Егер бұл қабаттар толық көлемде зерттелсе, бұрын белгісіз болған деректер мен тіпті жаңа ғылыми қорытындылар шығуы әбден ықтимал. Дегенмен қазіргі таңда басты басымдық – ескерткішті сақтау. Өзен жағалауының табиғи опырылуы салдарынан ашылған сүйек қалдықтары арнайы жинақталып, музей қорына өткізіледі, – дейді Валентина Алиясова. 

Көрме барысында сондай-ақ 1929 жылы жүргізілген алғашқы қазба жұмыстарының сирек фотосуреттері көрсетілді. Бұл материалдар ескерткіштің зерттелу тарихын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.