Павлодарда қазақ тілін тегін оқыту курстарының бірінші маусымы басталды

Аталған курсқа әртүрлі жастағы тілді меңгеру деңгейі әртүрлі тыңдаушылар қатысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде барлық санаттағы азаматтар үшін жыл сайын қазақ тілін тегін оқыту курстарын өткізеді. «Ана тілі» орталығында жоғарыда аталған тұжырымдаманы жүзеге асыру мақсатында барлық санаттағы азаматтарға арналған тегін қазақ тілі курстарының бірінші маусымы басталды.
– Тілді оқыту қарапайымнан күрделіге дейінгі деңгейлер бойынша жүргізіледі. Сабақтар аптасына бес рет, екі ай бойы өткізіледі. Оқыту барысында тыңдаушылар күнделікті өмірде кездесетін қарапайым қарым-қатынас фразаларын қолдануды, қарапайым мәтіндерді аударуды, жай сөйлемдерді құрастыруды үйренеді, – деді басқармада.
Бүгінгі күні облысымыздың қала, аудандарында қазақ тілін тегін оқыту курстары басталып, жұмыстар жүргізілуде.
Жалпы облыс көлемінде 2024 жылы мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған «Тіл керуені», қызмет көрсету өкілдеріне арналған тілдік «Start up», «Қазақ тілі онлайн курсы» және «Жағдаяттық қазақ тілі» атты жобалар мен курстар іске асырылды. Өткен жылы облыс бойынша қазақ тілінің тегін курстарымен 2294 адам қамтылған.
Курстың соңында тыңдаушыларға сертификат табысталады.
Айта кетейік, тегін қазақ тілі курстарына жазылуға және қосымша ақпаратты 61-84-88 телефоны арқылы алуға болады.